ЕАЭО-ға мүше елдер ГМО өнімдеріне талапты күшейтпек

1624

ЕАЭО-ға мүше елдер ГМО өнімдеріне талапты күшейтпек

ЕАЭО-ға мүше елдер құрамында ГМО бар өнімдерге талапты күшейтпек. Енді ГМО көлемі қалыпты 0,9%-дан асып кеткен өнімнің қорабында "ГМО" таңбасы үлкен әріптермен жазылады. Бұрын мұндай жазу ұсақ әріппен берілетін. Еуразия экономикалық комиссияның баспасөз қызметі осылай хабарлады, деп жазады khabar.kz.
5 елге ортақ ереже осы жылдың соңында күшіне енеді. Ал әлемдік ғылыми қауымдастық әлі күнге гендік түрленген өнімдердің пайдасы мен зияны туралы біржақты шешім шығара алмай отыр.
Гендік модификацияланған өнімді бір кісідей зерттеп келе жатқан академик Төрегелді Шарманов ГМО-ны қолдайды. Мұндай өнімдер рак ауруын тудырады, ағзаны улайды дегенмен де келіспейді. Себебі адамның гені тамақтан бұзыла салатындай әлсіз емес. 
"Ағза ерекше құрылған 4 кезеңнен тұрады. Оның біреуінен өтсе, екіншісінен өте алмайды. Сондықтан қауіп жоқ. Сондықтан одан қорқуға да болмайды. Одан қауіптеніп, біз осындай болып қалдық деген – бұл ғылымға сәйкес келмейтін қате ұғым", - дейді ғалым. 
Қазір әр елде ГМО қоспасын тағамда пайдаланудың өзіндік деңгейлері бар. Мысалы, Жапонияда –ол 5%, кейбір Еуропа елдерінде – 0,9%, АҚШ-та – 10% ГМО қоспасын пайдалануға рұқсат етілген. Қазақстанда ГМО мөлшері 0,9% деп бекітілді. 
"Әлі күнге дейін ғылыми нақтылық жоқ. ГМО-ның қауіпті екенін дәлелдейтін жұмыстар бар, бірақ оны жоққа шығаратын да ғылыми жұмыстар көп. Оның үстіне ГМО өндірушілері ұзақмерзімді зерттеулермен айналыспайды, олар жүргізген зерттеудің ең ұзағы 90 күн ғана. ГМО денсаулыққа қауіпті. Тәжірибеге қатысқан көртышқандардың екінші және үшінші ұрпақтары көбею мүмкіндігінен айырылған. Қалай дегенмен де, әлем қазір органикалық өнімге бәс тігіп отыр. Оның нарығы қазір 90 млрд АҚШ долларына тең", - дейді "KazFOAM" органикалық ауыл шаруашылығы қозғалысы федерациясының төрағасы Евгений Климов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу