Олардың айтуынша, арықтары су төменгі ауылдарға жетпей жатыр. Соның салдарынан егіндерін суара алмай, шығынға батуда.
"Арықта да колонкада да су жоқ. Ауыл қурап отыр. Егін былай тұрсын, су малдың өзіне жетпей отыр. Соның кесірінен төрт түлікті қалай бағарымызды да білмей қалдық. Құдай сақтасын, өрт шықса, қалай өшіреміз. Бәріне жекешелендіру кінәлі. Арық-каналдарды қалталы азаматтар сатып алып қойған. Солар білгенін істейді. Су мұраптар да оңып тұрған жоқ. Кім қалтасына бес-он теңге салса, соған суды бұра салады. Мен қолдарынан ұстап алған жоқпын. Бұл көпшіліктің әңгімесі. Халық айтса, қалып айтпайды. Жұрт миллиондаған ақша салады егініне. Сол күйіп кетпесін деп су мұрапты ырза қыла салу ол үшін түк емес", - дейді Құрлық ауылының тұрғыны Бауыржан Құлжабаев.
Мәселеге Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Шухрат Убайдуллаев араласты. Ол халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, су беру кестесін қайта жасайтын болды. Сол арада суды дұрыс бөлуді ұйымдастыра алмаған "Ақсу" МКК өкіліне қатты айтып, батыра сөйледі.
"Көктем, жаздың басында су жақсы келді. Секундына 14-15 текшеден ақты. Екі апта болды, өзенде су азайып, кестеге көштік. Сол дұрыс жасалмаған болып тұр. Қазір өзенде 9 текшеден аса су бар. Ауданда 48 каналға су кестемен беріліп жатыр. Халықтың ашу-ызасы орынды. Мәселені қайта қараймыз. Осы жағдайға жеткізген "Ақсу" мекемесінің кінәсі анықталса, жауапкершілікке тартылады", – деді аудан әкімінің орынбасары.
Ауданның диқаны Октамбек Османов суды құлақтың басынан жығып алып қоятынын айтты. Сол өзеннің жоғары жағына жауапты су мұраптарды тәртіпке салу керек. Оларда мүлдем жауапкершілік қалмаған. Сондықтан арық-каналдарды жеке меншіктен алып, ортақ су шаруашылығы мекемесіне өткізу керек. Біреулер айтады, каналдың кейбірі Жетісай ауданының азаматтарының жеке меншігінде деп. Жетісай қайда, Сайрам ауданы қайда. Сосын Қарамұрт, Манкент ауылдары судың басында отырып, еркін пайдаланады. Ал төменге ауылдарға есігінің алдындағы кішкентай жерін де суаруға су жетпейді. Бұл қалай? Болмаса үш күн, үш күннен каналдарға суды бөлсін дейді.
Наразылыққа жиналған топ кестені қайта құратын, су бәріне жететіндей жолын қарастыратын болып тарқасты. Нәтижесі қалай боларын уақыт көрсетеді. Ақсу өзенінің өзінде су аз. Не де болса оны халыққа теңдей жеткізуде жергілікті әкімдік біраз тер төгейін деп тұр.
Әнуар Жұмашбаев