Еgov-та тіркелмесеңіз дәрігер қабылдауына кіре алмайсыз

743

Қаражатты үнемдеп қалудың амалы ма?

Еgov-та тіркелмесеңіз дәрігер қабылдауына кіре алмайсыз Фото: Inbusiness.kz

Бұдан былай әрбір қазақстандық дәрігер қабылдауынан кейін өзінің шын мәнінде ем алғандығын дәлелдеу үшін электронды сандық қолтаңба арқылы қол қоюға міндеттелді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі мәлімдеген еді, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Ажар Ғинияттың айтуынша, бұл МӘМС-тен шығатын әр тиынды қадағалап отыру үшін қолға алынған шара. Алайда біраз жылдан бері медицина саласында жүрген сарапшылар министрліктің бұл бастамасын шала-жансар дүние деп отыр. Онсыз да белшеден қарызға батқан емханаларға министрліктің бұл бастамасы жығылғанға жұдырық болмай ма?

Басыңыз ауырып, балтырыңыз сыздап дәрігерге бара қалсаңыз телефоныңызды ұмытпаңыз. Өйткені, биылдан бастап дәрігер көмегін алғаныңызды дәлдеуіңіз керек. Ол үшін Egov қосымшасы арқылы қол қоясыз.

"Кейбір қызметтер бойынша Egov-тағы "Е-Денсаулық" қосымшасы арқылы растауды енгізіп жатырмыз. Сол арқылы қандай қызмет алғанын көре алады. "Рентген диагностикасын алдыңыз ба?" деген смс келсе, оны растайсыз. Бұл екі жақты бақылауға мүмкіндік береді. Қор ақпараттық жүйе арқылы да, пациенттер арқылы да қадағалайды", - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.

Ал, егер пациент электронды қолтаңба арқылы көмек алғанын растамаса, онда сақтандыру қоры медициналық ұйымға қаражат аудармайды. Дәулетхан Есімов мұны МӘМС қорының қитұрқы әрекеті, дейді. Яғни, қорда онсыз да жоқ қаражатты үнемдеп қалудың амалы. Пандемия кезінде соңғы тиынына дейін жұмсалып кеткен қордың қамбасы әлі тола алмай тұр екен. Өйткені 3 миллионнан астам адам жарна төлемей отыр. Есімов мәселені шешу үшін ең әуелі амалын тауып соларды міндеттеу керек, дейді.

"Ол үшін бір деректік база болу керек. Барлығы бірегей база болу керек. Бізде бір ауруханада бір деректік база, екіншісінде екінші система. Оның бәрін біріктіру керек. Қаншама қаражат та жұмсалып жатыр. Соны бір қалыпқа келтіре алмай отыр ғой. Қордың жағдайы қиын боп жатыр. Өзі мен қорқам дефолт боп сол фондтың ақшасы болмай қалып жүре ме деп", - дейді Медицина ғылымдарының кандидаты Дәулетхан Есімов.

Яғни, Денсаулық сақтау министрлігі мен МӘМС қорының сапасыз жұмысынан тағы да қарапайым халық жапа шегеді. Өйткені, ауылдық жерде интернет жоқ, ал ауыл түгіл қаладағы қариялар Egov-тің не екенін де білмейді. Енді іш ауырса, тіс ауырса, ең әуелі оны қалай растаймын, деп бас қатады.

"20 млн адамның бәрі Egov-ты пайдаланбайды ғой. Оның ішінде 2 млн болсын, асып кетсе 3 млн болсын мысалы еговпен пайдаланатын. Ал 18-ге толмаған бала Egov-ты пайдалана ма? Пайдаланбайды. Медициналық қордан медициналық мекемеге ақша аудармаудың амалы. Сол себепті менің қорқып тұрған бір нәрсем ертең медициналдық мекеме, аурухана азаматтарда Egov жоқ болса, оған медициналық көмекті көрсетпей қояды",- дейді бұрынғы Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев.

Ал сарапшылар жеңіл жолды қиындатқанды жаны сүйетін министрлікке жөн сілтеді. Олардың айтуынша, электронды қолтаңбадан гөрі смс хабарламаны пайдаланған жөн. Өйткені, екінші деңгейлі банктердің өзі осы жүйемен жұмыс істейді. Ал сюжетті әзірлеу барысында бірнеше емхананың бас дәрігеріне хабарласып көрдік. Мұндағы мақсат  жаңашылдықтың қалай сіңісіп кеткенін білу еді. Бірақ ақ халаттылар "пәледен аулақ" деді ме, үнсіз қалуды жөн көрді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу