Екібастұзда қызанақ өсіру кешенінде 200 жаңа жұмыс орны ашылды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
"Greenhouse Qaztomat" ЖШС жаңа жылыжайы екі жылыжай аймағынан: бір тоңазытқыш қоймадан және бір сервис аймағынан тұрады. Кәсіпорында кешендегі қолайлы микроклиматты қамтамасыз ететін голландиялық жабдықты пайдаланады. Мұнда "Nurly Ertis" бағдарламасы бойынша Екібастұзға Нұр-Сұлтаннан келген қоныс аударушылар жұмыс істейді.
Жаңа кешен іске қосылғаннан кейін жылыжайда қызанақ 20 гектар жерде өсіріледі. Өткен жылы кәсіпорында 2,7 мың тонна қызанақ өнімі алынса, биыл бұл жерде 5 мың тоннаға дейін өнім алу жоспарлануда.
"Greenhouse-Qazaqtomat" ЖШС өнімдері экспортқа бағытталған. Өсірілетін қызанақтың 90%-ы Ресейдің ірі сауда желісі – "Лентаға" жөнелтіледі.
Бұдан басқа, кәсіпорында гүл өсірілуде. Биыл голландиялық раушаннан басқа, жылыжайда қызғалдақтың бірінші партиясын алу жоспарлануда.