Экобелсенділер: Үлкен Алматы көліне апаратын жолды қайта жабу керек

388

3 жыл бойы жабық болған Үлкен Алматы көліне келушілер саны күрт артты.

Экобелсенділер: Үлкен Алматы көліне апаратын жолды қайта жабу керек

Ашылғанына бар-жоғы 1 апта болған жерге баруды халық асыға күтсе керек. Қазір онда демалысты былай қойғанда, жұмыс күндері жету мұңға айналған. Өйткені, аптаның кез келген күнінде көлік кептелесі туындап жатыр. Ал экобелсенділер келушілер нөпірі осылай қарқынды болса, Үлкен Алматы көліне үлкен қауіп төніп тұр, дейді. Табиғат жанашылары тағы қандай мәселелерді көтерді?

Жұмыс аптасы екеніне қарамастан, Үлкен Алматы көліндегі жағдай осы. Ашылғанына көп болмаған әсем мекенге келушілер толастар емес. Мұны мына ұзынсонар көлік кептелісінен-ақ байқауға болады. Экобелсенділер бұл табиғатты ластау,- деп шыр-пыр. Оның үстіне, орманда өрт бола қалған жағдайда төтеншеліктерге діттеген жерге уақытында жету мүмкін емес,- деп дабыл қақты. Бұл аздай, көлге келгендер қоқыстарын қалдырып кетеді екен. Сондықтан, автокөлікпен келуге шектеу болу керек деген пікір айтты.

"Көлге кіру 3 жыл бойы жабық болған кезде, шыны керек қатты қуандым. Ал ашылғалы бері мұндағы жағдайды көріп, жаным ауырады. Қазір 1 шақырымға жалғасқан көлік көптелісі байқалады. Халық бірін-бірі басып өтуден тайынбайды. Тіпті жолдың қарама-қарсы бетіне шығып кетіп жатыр. Негізі Үлкен Алматы көліне жақын баруға болмайды. Ал, оған құлақ асып жатқан ешкім жоқ. Біз табиғатты аялаудың орнына, таптап, құртып жатырмыз", - деді экобелсенді Вагида Сәлімова.

Экобелсендінің бұл сөзін орманға жауапты мамандар да қуаттайды. Олар көліктерден улы газ бөлініп, машина дыбысы жабайы жануарлар мен экологияға кері әсер етеді,- деп отыр. Бүгінде инспекторлар автотуристерге қолдан келгенше түсіндіру жүргізіп жүр. Десе де, қол қысқа, құрамда бар-жоғы 13 адам жұмыс істейді. Ал қарайтын аумақ көлемі 26 мың гектардан асып жығылады.

"Мұндай адам саны жоқ еді. Экотуризм дамып келе жатқан. Жаяу одан кейін спортсмендер жүретін великпен. Ал қазіргі жағдай өздеріңіз көріп тұрсыздар, мына жақта халық саны өте көп. Жексенбі күндері әсіресе халық саны 15 мыңнан асып кетеді кіретін адамдар. Біз оларды фактический үлгермейміз. Енді мына жол кептілісін өзіңіз айтып тұрғандай жол патруль полициясы емеспіз біз. Бұл кісілерге штраф та сала алмаймыз", - дейді "Үлкен Алматы орман шаруашылығы" аға орманшының көмекшісі Ернар Әділхан.

Мұнда жаяу көтерілген туристер де Үлкен Алматы көліне көліктерді кіргізуге қарсы.

Айта кетейік, 2020 жылы селден қорғау бекеттерінің құрылысы жүргізіліп, Үлкен Алматы көліне апаратын жол 3 жылға жабылған. Енді міне бөгет қолданысқа беріліп, трасса қалпына келтіргеннен кейін көлге жаяу жүргіншілер де, көлікпен келетін де туристер қайта кіре бастады. Тәуелсіз сарапшылар Үлкен Алматы көлінде экотуризмді дамытатын кез келді. Ал ол үшін экологиялық жоба әзірлеп, бірқатар шектеу қойылуы тиіс, дейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу