Елде инвестициялардың моносалалық құрылымы қалыптасты - сарапшы

487

Инвестицияларды тарту саласында қордаланған жүйелік проблемалар бар.  

Елде инвестициялардың моносалалық құрылымы қалыптасты - сарапшы Фото: inbusiness.kz

Бұл туралы "Экономикалық зерттеулер институты" АҚ Макроэкономикалық талдау және болжамдау орталығы директорының орынбасары  Ернар Серік Сенатта өткен Үкімет сағатта айтты, деп жазады inbusiness.kz

"UNCTAD деректеріне сәйкес, Қазақстан соңғы 30 жылда таза тікелей инвестициялардың ағыны бойынша әлемде 42-орында тұр, жинақталған инвестициялар көлемі 160 млрд долларға жуықтады. Жинақталған таза тікелей инвестициялардың көлемі бойынша біздің үлесімізді Чехия және Португалия сияқты елдермен салыстыруға келеді. Ал, Финляндия, Австрия және Норвегияға қарағанда шамалы артық. Бұл ретте Орталық Азиядағы көршілеріміз елімізден әлдеқайда артта. Бұл елдегі табиғи ресурстардың, саяси тұрақтылықтың салыстырмалы түрде жоғары деңгейінің арқасында мүмкін болды", - деді ол.

Ернар Серіктің сөзінше, секторда мәселелер де жоқ емес. 

"Әсіресе, экономиканың өндіруші емес секторының инвесторларына қатысты. Экономиканың шикізаттық емес секторлары инвесторларын елдегі саяси ахуал ғана емес, экономикалық ахуал да алаңдатады. Мысалы, елдегі макроэкономикалық жағдай мұнай мен металдардың әлемдік бағасына қатты тәуелді. Өндіруші өнеркәсіптің ұзақ пропорционалды емес өсуіне байланысты ұлттық валюта негізсіз нығайып, салдарынан экономиканың шикізаттық емес секторлары зардап шегеді. Елге салынған шетелдік капиталдың үлкен көлеміне қарамастан, негізінен мұнай, металдарды өндіру, бастапқы өңдеу және тасымалдаумен байланысты салаларда шоғырланған инвестициялардың моносалалық құрылымы қалыптасты",  - деді спикер. 

Оның айтуынша, бүгінге дейін тау-кен металлургия кешені мен металлургияның, ілеспе салаларды қоса алғанда, елдің тікелей шетелдік инвестицияларының жалпы ағынындағы үлесі 61 пайыздан асады. Бұл ретте металлургияны есептемегенде өңдеу саласына инвестициялар ағыны әлі де төмен деңгейде – шамамен 5-6 пайыз, деп атап өтті Ернар Серік. 

"Сондай-ақ, елімізде бизнесті жүргізуде негізгі жүйелік проблемалар заң үстемдігі және сыбайлас жемқорлық мәселелері болып отыр. Бұған елдің сыбайлас жемқорлықты қабылдау рейтингінде 180 елдің арасында 101-орында тұрғаны дәлел. Бұдан бөлек инвестицияларды тартудың негізгі проблемаларына экономикадағы мемлекеттің қатысу үлесінің жоғары деңгейі, елдің экономикалық жағдайының энергия ресурстарының бағасына тәуелділігі, реттеуші жүйенің болжамсыздығы жатады", - "Экономикалық зерттеулер институты" АҚ өкілі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу