Қазақстанда жылу желілерінің 66 пайызы тозған

Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру үшін 2023 жылы "Тариф орнына инвестиция" өзектілендірілген бағдарламасын қабылдау мәселесі пысықталуда. 

Қазақстанда жылу желілерінің 66 пайызы тозған Фото: inbusiness.kz

Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың мәлім етті.

"Электр стансаларына инвестицияларды қамтамасыз ету қолданыстағы резервтерді ең жылдам және тиімді түрде тартуға мүмкіндік береді. Бағдарлама энергия өндіруші ұйымдардың қолданыстағы активтерін реконструкциялауға, жаңғыртуға және кеңейтуге, сол арқылы энергия жүйесі жұмысының сенімділігін арттыруға және 2035 жылға қарай өндіруші қуаттардың тозуын 15%-ға төмендетуді орындауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", – деді министр.

Сондай-ақ электр қуатының дайындығын қолдау жөніндегі қызметке шекті тарифті айына 1 МВт үшін 590 мың теңгеден 2 млн теңгеге дейін ұлғайту, кейіннен инфляция деңгейіне индекстеу қажет.

"Қазіргі уақытта елдегі электр желілерінің орташа тозуы шамамен 66% құрайды, бұл ретте Шығыс Қазақстан облысында 81%, Батыс Қазақстан облысында 80%, сондай-ақ Қостанай облысында 74%", – деп нақтылады министр.

Ведомство басшысы баяндамасы барысында жергілікті атқарушы органдар деңгейінде шешуді талап ететін шұғыл жүйелі шараларды қабылдау қажеттігін атап өтті. Бұл – бұрын бөлінген жер учаскелерін инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, иесіз электр желілерін анықтау және оларды коммуналдық меншікке қабылдау, құқық белгілейтін құжаттарды ресімдеу және объектілерді одан әрі энергия беруші ұйымдардың теңгеріміне беру жөніндегі жұмыстарды жандандыру.

Болат Ақшолақов сөз соңында Энергетика министрлігінің негізгі ұсыныстарын атады.

Атап айтқанда, электр стансаларын, жылу және электр желілерін энергетикалық бақылауды жүргізе отырып, Кәсіпкерлік кодекс шеңберінен шығару; тәуекел дәрежесін бағалау критерийлері мен тексеру парақтарын қолданбай бақылауды жүзеге асыру; станцияларды, жылу және электр желілерін жыл сайын кемінде 4 рет тексеру; магистральдық жылу желілерін бақылауды әкімдіктерден Министрліктің энергетикалық қадағалау комитетіне беру; нұсқамаларды сот тәртібімен мәжбүрлеп орындату; апаттық және технологиялық бұзушылықтардың туындауына қарай бақылау жасау; жөндеу жұмыстарына тексеру жүргізу және инвестициялық келісімнің орындалуы; ӘҚБтК-де айыппұлдардың ұлғаюы және оларды кәсіпорынның бірінші басшыларына салу. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу