Депутат отандық аграрлық секторды қолдау үшін бірқатар шараны қабылдау қажет екенін жеткізді, деп жазады inbusiness.kz.
"Аумалы-төкпелі заманда Қазақстанның аграрлық секторы өте күрделі жағдайға тап болды. Өңірлерде 2022 жылы тауарлық субсидиялар 50 пайызы ғана төленген, инвестициялық субсидиялар 30-40 пайыз төленді. Алынған қарыздар бойынша екінші деңгейлі банктердің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау бойынша да осындай жағдай орын алды. Биыл бөлінген тауарлық субсидиялар өткен жылғы борышты өтеуге жұмсалып жатыр" - деді ол.
Депутаттың сөзінше, gosagro.kz платформасы толық жұмыс істемей тұр әрі субсидиялар алуға өтінімдерді қабылдауға қабілетсіз.
"Өтелмеген қарыздар бойынша пайыздық мөлшерлемені өтеу үшін субсидиялар алу мүмкіндігінің болмауы кәсіпкерлерді субсидиялау қағидатына сәйкес 6%-дың орнына банктерге кредиттің толық мөлшерлемесін 17-20 пайыз төлеуге мәжбүр етеді. Бұл онсыз да титықтап отырған шаруашылықтарға "жығылған үстіне жұдырық" болып отыр. Биыл астықты форвардтық сатып алуға бөлінген қаражаттың бұрын-соңды болмаған қысқаруы орын алды. Мәселен, Ақмола облысы бойынша 12 млрд теңгеге қажеттілік бола тұра, форвардтық сатып алуға тек 4 млрд теңге бөлінді. Бұл көптеген шаруаларды айналым қаражатынан шектейді", - деді мәжілісмен.
Депутат отандық аграрлық секторды қолдау үшін бірқатар шараны қабылдау қажет деп санайды.
"Біріншіден, 2022 жылға арналған субсидиялардың барлық түрі бойынша барлық борышты қысқа мерзім ішінде төлеу. 2023 жылы ағымдағы субсидияларға өтінім беру жүйелерінің толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Екіншіден, биыл субсидиялар төлеу үшін бюджеттен қосымша қаражат бөлуді көздеу. Бұдан бөлек форвардтық сатып алу сомасын өткен жылғы көрсеткіштерге дейін ұлғайту. Сонымен қатар ішкі нарықтағы жүктемені жеңілдету үшін тұрақтандыру қорына кемінде 1 млн тонна көлемінде бидайды интервенциялық сатып алуы қажет", - деді ол.
Сонымен қатар күнбағыс тұқымына экспорттық баж салығын алып тастау керек, деп түйіндеді мәжілісмен.