Бұл туралы Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Балық шаруашылығындағы негізгі қызмет – балық аулау және жасанды балық өсіру. Қазақстанның табиғи су айдындарында жыл сайын шамамен 40-45 мың тоннадай балық ауланады. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді.
Өз кезегінде, былтыр 15 мың тоннаға жуық балық өсірілді. Бұл 2017 жылғы деңгейден 5,5 есе жоғары.
Сонымен бірге, Қазақстанға шамамен 41 мың тонна мұхит пен теңіз балық түрлері (скумбрия және майшабақ) әкелінеді және 25 мың тоннаға жуық балық және балық өнімдері экспортталады. Оның негізгі үлесі терең өңделген өнім (балық филесі) болып табылады. Бұл ретте, отандық балық өнімдері әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті", – деді министр.
Ведомство басшысының айтуынша, бұл ретте негізгі міндет балықтың ішкі тұтынуын арттыру, сондай-ақ теңізде балық аулауды игеру және тауарлық балық өсіру шаруашылығын дамыту есебінен экспорттық әлеуетті одан әрі ұлғайту және біртіндеп импортты алмастыру болып табылады.