Қазақстан жыл сайын заңсыз жүк тасымалы салдарынан 6 млн долларға жуық қаржысын жоғалтады. Мұндай ақпаратты халықаралық автотасымалдаушылар ұйымы "Атамекен" ұлттық палатасының кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінде мәлімдеді.
Сарапшылардың пікірінше, Кеден одағының сыртқы көлік бақылау бекеттері жайлы деректер қазақстандық тарапқа толық түрде жеткізілмейді. Естеріңізге сала кетейік, Кеден одағының келісіміне сәйкес Қазақстан тек жылжымалы бекеттерді ғана сақтап, стационарлық бекеттерді 20-дан 4-ке дейін қысқартқан болатын. Сонымен қатар, Кедендік Одақ Үкіметтен заңсыз жүк тасымалына салынатын қолданыстағы айыппұл көлемін қайта қарауды сұрап отыр. Қазақстанда мұндай заң бұзушылыққа салынатын айыппұл Ресей елімен салыстырғанда 20 есе төмен. Мемлекеттік кіріс комитетінің дерегі бойынша 2016 жылы республика аумағында 32 мың жүк тасымалы орындалған, ал оның бес мыңға жуығы рұқсатсыз.
Теодор Каплан, ҚР халықаралық автомобиль тасымалдаушылары одағының бас хатшысы:
"Бүгінгі күні Ресей Қазақстан арқылы өтетін көліктер туралы 20% ғана ақпарат береді, белорустар шамамен – 70%-80%. Қалғанының барлығы бақылаусыз. Бұл біздің елге әлеуметтік-экономикалық үлкен шығын әкеледі. Біз бұл жерден инвестициялар және даму министрлігінің көлік комитеті жұмысын толық реттемегенін байқап отырмыз."