Депутаттың дерегінше, АҚШ-тың ауруларды бақылау және алдын алу орталығының мәліметі бойынша, соңғы жылдары бүкіл әлемде аутизм спектрінің бұзылуы (бұдан әрі - АСБ) диагнозы қойылған балалар саны бірнеше есе өсуде. Мәселен, 2000 жылы аутизм диагнозы 150 баланың біреуінде ғана анықталса, ал қазіргі уақытта 44 баланың біреуінде табылып отыр және де ер балаларда қыздарға қарағанда орта есеппен 6 есе жиі кездесуде.
"Қазақстанда Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының деректеріне сәйкес, 2021 жылғы 31 желтоқсандағы ақпарат бойынша АСБ-мен динамикалық бақылауында 4887 науқас тіркелген, ал Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация қызметінің (ПМПК) деректері бойынша аутизм диагнозы 3820 балаға қойылған, алайда халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша, АСБ-мен ауратын балалардың нақты саны бұл көрсеткіштен едәуір асып түседі", деп мәлімдеді Гаухар Нұғманова.
Депутаттың дерегінше мұндай сырқаты бар балалардың көпшілігі тиісті түрде емдеу және оңалту шараларын алмайды. "Қазақстанда аутизмі бар балаларды қолдаудың 200-ден астам орталығы бар, олардың негізгі бөлігі, қоғамдық бірлестіктер есебінен қаржыландырылады. Оңалту және түзету қызметтерінің құны барлығына бірдей қол жетімді емес, айына шамамен 200 мың теңгеден басталады. Ауылдық жерлерде жағдай қиынырақ болып тұр", дейді Гаухар Нұғманова.
Бүгінгі таңда мұндай санаттағы балалар мен олардың отбасыларына мемлекеттік деңгейде көмек көрсету ең өзекті және шешілмеген мәселенің бірі деген депутат Нұғманова аутизмі бар балаларға қатысты бірыңғай саясат жүргізу қажет, деп есептейді.
Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғаринге жолдаған депутаттық сауалында ол мұндай балаларға қатысты бірқатар мәселелер бойынша толық ақпарат ұсынуды сұрады.
Атап айтқанда:
1) Қазақстанда балалар арасында аутизмнің таралуын анықтауға бағытталған эпидемиологиялық зерттеулер жүргізу;
2) мүдделі министрліктер – Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау тарапынан аутизмі бар балаларға қатысты бірыңғай саясатты жүргізу және олардың аутизмі бар балаларды медициналық-психологиялық-педагогикалық оңалту бағдарламасын әзірлеуі;
3) аутизмі бар балаларға медициналық-әлеуметтік көмек көрсететін мемлекеттік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдау;
4) мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу және қоғамды аутизм туралы хабардар ету;
5) медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, кейіннен абилитациямен және оңалтумен алдын-ала диагностиканы қамтамасыз ету;
6) білім беру, әртүрлі сипаттағы қызметтерге қол жеткізу, жұмысқа орналастыру, тіршілікті қамтамасыз ету, әлеуметтік қолдау және көмек, бейімделу және т.б. мәселелерін шешу сұралды.