Елімізде әйелдердің басым бөлігі қай салада еңбек етіп жүр?

1743

Қазақстанда жұмыс істейтін әрбір екінші әйел жоғары білімді. 

Елімізде әйелдердің басым бөлігі қай салада еңбек етіп жүр?

2020 жылдың төртінші тоқсанында (қазан, қараша, желтоқсан) Қазақстанда 4,2 миллион әйел жұмыс істеген, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі finprom.kz-ке сілтеме жасап.

Өткен жылдың төртінші тоқсанында (қазан, қараша, желтоқсан) елімізде 8,7 млн адам жұмыс істеген. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен бірдей (тек минус 0,3%). Оның ішінде жұмыспен қамтылғандардың 51,6%-ы – ерлер, 48,4%-ы – әйелдер.

Төртінші тоқсанның қорытындысы бойынша Қазақстанда 4,2 миллион әйел еңбек еткен. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 0,2%-ға артық.

Елімізде жұмыс істеп жүрген әйелдердің басым бөлігі (47,3%) жоғары білімді. Олар жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімді алған. Ал жоғары білімді ерлердің үлесі – 38,1%. 

Орта кәсіптік (арнайы) білімі бар әйелдер – 38,3%, ерлер – 42%. Сондай-ақ әйелдердің 10,5%-ында жалпы орта білімі, 3,8%-ында бастауыш кәсіптік білімі бар.

Жұмыс істеп жүрген әйелдердің басым бөлігі Алматыда: 504,9 мың. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 
3,8%-ға артық.

Осы көрсеткіш бойынша үздік үштікке Алматы (455,7 мың, жылына минус 3,1%) және Түркістан (350,3 мың, плюс 0,4%) облыстары кірді.

Жұмыс істеп жүрген әйелдердің үлесі Солтүстік Қазақстан облысында аз (139,4 мың, минус 0,4%).

Еліміздегі 17 өңірдің тек үшеуінде ғана жұмыспен қамтылған әйелдердің саны еңбек етіп жүрген
ерлер санынан асып түседі: Алматыда (55,3 мың адамға), Нұр-Сұлтанда (5,4 мың адамға) және Павлодар облысында (5 мың адамға). Жұмыс істеп жүрген ерлердің үлесі Түркістан, Алматы және Қарағанды облыстарында басым.

Әйелдердің басым бөлігі сауда және көлік жөндеу саласында еңбек етеді: 822,7 мың адам. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 1,1%-ға аз. Кейін тізімде  білім беру (796,4 мың, минус 1,9%) және ауыл, орман және балық шаруашылығы (502,4 мың, жылына плюс 0,3%) салалары тұр. 

Ерлердің басым бөлігі өнеркәсіп саласында жұмыс істеп жүр. Сонымен қатар олардың үлесі құрылыс және логистика саласында басым.

Әйелдердің саны білім беру, сауда және денсаулық сақтау салаларында ерлерден асып түседі.

Айта кетейік, елімізде әйелдерге жұмыс істеуге тыйым салынған мамандықтар тізімі әлі бар. 
Ол ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылдың 8 желтоқсанындағы №944 бұйрығымен реттеледі. Әйелдерге тыйым салынған 229 мамандық бар. Ол КСРО-дан (1930 жылдары) "мұраға" қалған. 

Мысалы, әйелдер сүңгуір, метро машинисі (әйелдер трамваймен мен троллейбусты жүргізсе де), жүк көлігінің жүргізушісі және тағы басқа мамандық бойынша жұмысқа орналаса алмайды.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу