Елімізде бала асырап алатындар саны артып келеді

1120

Елімізде бала асырап алатындар саны артып келеді

Астана қаласы әкімдігінің мамандандырылған балалар үйі 100 балаға арналып салынған. Алайда қазіргі таңда балалар үйінде 4 жасқа дейінгі 70-ке жуық бала тәрбиеленіп жатыр. Өйткені аталған мекемеден бала асырап алушылардың саны жыл өткен сайын артып келеді. Тағы бір қуантарлық жағдай, бұған дейін шетелдіктер бала асырап алуға ниет танытса, 2010 жылдан бастап өзіміздің отандастарымыз белсенділік көрсетіп жатыр. Бұл туралы elorda.info. хабарлайды.

1933 жылы ашылған балалар үйіне 1986 жылы "Мамандандырылған" деген статус беріледі. Себебі балалар үйіне орталық жүйке жүйесінің зақымдалуымен, ойлау, даму қабілеті тежелген мүгедек балалар қабылданады.

Мамандандырылған балалар үйінің бас дәрігері Сауле Кенжетаеваның айтуынша, бүлдіршіндерге мекеме қызметкерлері жан-жақты жағдай жасап жатыр. Осының арқасында ол мекемедегі бүлдіршіндердің жағдайы жақсарып жатқанын атап өтті.

Алайда дәрігерлер қанша жерден жақсы қарағанымен, балаларға ата-ананың ыстық ықыласы жетіспей жататынын жасырмайды. Сондықтан да мекеме басшылығы балаларды асырап аламын деушілерге барлық жағдай жасағанын айтады. Мәселен, дәрігер Анар Смағұлова аптасына екі рет бала асырап алуға талпынған азаматтарды қабылдап, оларға көмек көрсетілетінін аттап өтті. Осының арқасында 2016 жылы 40-қа жуық, ал биылғы жылдың бес айында 20 бала асырап алынған. Сондай-ақ, өткен жылы 40-қа жуық бала, ал 2017 жылы 17 баланы өзінің ата-анасы алып кеткен.

"Шыны керек, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еліміздің азаматтары бала асырап алуға қатты қызыға қойған жоқ. Сондықтан да 1999 жылдан бастап 2010 жылға дейін шетелдіктер елімізден белсенді түрде бала асырап алып отырды. Әйтсе де, соңғы 6-7 жылдың көлемінде өзіміздің азаматтардың арасында бала асырап алуға ниеттенгендердің саны артып келе жатыр. Оның үстіне бала асырап алушылар тек қана Астанадан емес, сонымен қатар, еліміздің әртүрлі аймағынан хабарласып жатады. Бұл, әрине, біздерді қуантып отыр. Біздің мекеме 100 балаға арналғанымен, қазіргі таңда мұнда 70 бала тәрбиеленіп жатыр. Біз бұған қуанбасақ, ренжімейміз. Себебі біздің негізгі мақсатымыз – балаларды ата-ананың қамқорлығына беру", – дейді дәрігер.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жүздеген балаларды шетелдіктер бауырына басты. Бұл мәселе туралы кезінде қазақ бұқаралық ақпарат құралдары дабыл қағып, үздіксіз мақала жазып отырды. Осының арқасы болуы керек, соңғы жылдары шетелдіктерге бала асырап алуға мораторий жарияланды. Ал осындай сәтте өзіміздің отандастарымыздың қалыс қалмай, жетімін жылатпауы қуантарлық жағдай болып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу