Осы жылдың 10 айында Қазақстанда 93,3 мың тонна жаңа сойылған немесе салқындатылған тауық еті өндірілді. Бұл былтырғыға қарағанда 3,5%-ға артық. Мұздатылған құс етінің өндірісі 109,3 мың тоннаға жеткен. Жылдық өсім –1,7%, деп жазады inbusiness.kz energyprom.kz сайтына сілтеме жасап.
Республика бойынша мұздатылған құс етін өндіру бойынша Алматы облысы көш бастап тұр (54,6 мың тонна). Үздік үштікке Ақмола және Абай облыстары кірді.
Жаңа сойылған немесе салқындатылған құс етін өндіру бойынша Ақмола облысы бірінші орында тұр (35,2 мың тонна). Одан кейінгі орындарда Шығыс Қазақстан және Алматы облыстары орналасқан.
2021 жылы елімізде 112,5 мың тонна жаңа сойылған немесе салқындатылған құс еті, ал мұздатылған түрінен 127 мың тонна құс еті өндірілген.
2022 жылдың қаңтар-тамыз айының қорытындысына сәйкес, жергілікті компаниялар құс еті мен азық-түліктің қосалқы өнімдеріне сұранысты (ішкі нарықта сату және экспорт) 69,2%-ға қамтамасыз етті.
Импорт үлесі – 30,8%. Қазақстан 84,9 мың тонна құс еті мен субөнімдерді сырттан әкелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6%-ға аз. Экспортқа 8,7 мың тонна құс еті жіберілді (-55,6%).
Ішкі нарықта сату 4,3%-ға өсті.
Биылғы қазан айының қорытындысына сәйкес, тауық еті бір жылда 27,9%-ға, тауықтың сан еті 26,7%-ға қымбаттады. Осылайше елдегі дүкендер мен базар сөрелерінде тауық етінің бір келісі үшін 1,4 мың теңге, тауықтың сан еті 1,2 мың теңге шамасында белгіленді.
Өзге өңірлермен салыстырғанда тауық етінің бағасы Абай облысында айтарлықтай өскен (+52,3%). Антилидерлер үштігіне Шымкент (+48,7%) және Шығыс Қазақстан облысы (+41,9%) кірді. Бағаның ең аз өсімі Алматы облысында тіркелді (+12,3%).
Тауықтың сан еті бағасының қымбаттауын Маңғыстау (+54,9%), Павлодар (+43,9%) және Солтүстік Қазақстан (+35,7%) облыстарының тұрғындары сезінді.
Елдегі ірі қалалар арасында тауық етінің бағасы Ақтауда (1 келісі үшін 1,7 мың теңге), тауықтың сан еті Түркістанда (1 келісі үшін 1,4 мың теңге) ең қымбат. Ең арзан баға Орал қаласында тіркелді: тауық бағасы келісі үшін 1,2 мың тг, тауықтың сан еті – 997 тг.