Комитет мәліметінше, елдегі инженерлік желілердің ұзындығы 136 мың шақырымды құрайды. Олардың тозу деңгейі әр салада әртүрлі: су бұру желілерінің 55%-ы, жылумен жабдықтау жүйесінің 52%-ы, ал сумен жабдықтау желілерінің 39%-ы ескірген. Су сапасы мен жүйелердің жағдайы бір-бірімен тығыз байланысты болғандықтан, бұл желілер жыл сайын түрлі қаржыландыру көздері арқылы жаңартылып келеді.
Республикадағы 90 қаланың 60-ында ғана кәріз тазарту қондырғылары бар. Алайда олардың тозу деңгейі 65%-ға жеткен. Қазіргі таңда тек 21 нысан халықтың қажеттілігін толық қамтамасыз ете алады. Ал 23 қалада мұндай қондырғылар мүлде жоқ. Оның 13-інде халық санының аздығы мен орталықтандырылған кәріз жүйесінің болмауына байланысты бұл мәселе кейінге шегерілген.
Жағдайды жақсарту үшін қандай шаралар атқарылуда?
Комитет басшысының айтуынша, жеті қалада жалпы сомасы 30 млрд теңгеге кәріз тазарту қондырғыларын жаңғырту және салу жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы Форт-Шевченко мен Сарыағаш қалаларында осы бағыттағы жобалар аяқталды. 2024 жылы Қызылорда мен Ленгердегі кәріз тазарту қондырғыларының құрылысына 1,7 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар, Қонаев қаласында бұл жүйені жаңғырту мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асырылуда.
Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту үшін 2023 жылдың желтоқсан айында "Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту" ұлттық жобасы қабылданды. Жоба аясында 32 кәріз тазарту қондырғысын жаңарту және 13 жаңа нысан салу жоспарланған. Оның 8-і халықаралық қаржы ұйымдарының қолдауымен, 14-і облигациялық несие арқылы, ал 23-і республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатын болады.