Еліміздегі трансшекаралық өзендердің экологиялық ахуалы қандай?

1074

Экологтардың айтуынша, еліміздің аумағы арқылы өтетін трансшекаралық өзендердің басым бөлігі ластанған.  

Еліміздегі трансшекаралық өзендердің экологиялық ахуалы қандай? Фото: Wfin.kz

2019 жылдан бастап "Қазгидромет" РМК есептерінде өзендердің экологиялық жағдайы су объектілеріндегі су сапасын жіктеудің жаңа бірыңғай жүйесі бойынша бағаланады. Бұл әдістемеге сәйкес барлық су объектілері бес класқа және екі ішкі класқа бөлінеді, деп жазады inbusiness.kz energyprom.kz порталына сілтеме жасап. 

Бірінші класқа суының сапасы ең жақсы өзендер кіреді. Оларды кез келген мақсатта, соның ішінде ішуге де пайдалануға болады. Бесінші кластағы өзендер ең лас әрі суы пайдалануға жарамсыз.

2022 жылдың қорытындысы бойынша ең таза жер үсті сулары бар өзендердің қатарына Ертіс пен оның Қытайдан келетін Қара Ертіс саласы енді. Екінші, үшінші және төртінші сапа кластарында 27 өзен бар. Ондағы су өте таза болмаса да, оны арнайы дайындау әдістерін өткізгеннен кейін ішуге болады. Әр класс үшін тазарту деңгейі де алуан түрлі. Бұл кластарға елдің оңтүстік және оңтүстік-шығыс бөліктеріндегі негізгі өзендер мен олардың салалары кіреді.

Былтыр үш су артериясында судың ең нашар сапасы тіркелді. Солардың бірі – Челябі облысының Париж ауылының маңынан бастау алатын және Қостанай облысында Қазақстанмен шекараны кесіп өтетін Тоғызақ өзені. Мамандар оның жер үсті суларындағы никель концентрациясы қалыпты деңгейден жоғары екенін анықтаған. Ең лас өзендер қатарында Әйет пен Қырғызстанмен шекаралас Қарабалта да жатады.

Экологтар суын кез келген мақсатта пайдалануға болмайтын өзендерді де бөліп көрсеткен. Оған 6 нысан енген. Олардың үшеуі Ресейден бастау алатын Тобыл, Желқуар және Обаған болса, тағы үшеуі Қырғызстаннан бастау алатын Тоқташ, Талас және оның Аса саласы. Мамандардың хабарлауынша, 2021 жылмен салыстырғанда соңғы екі санатқа енген су объектілерінің саны 14-тен 9-ға дейін азайған.

Ластану деректері Қостанай облысындағы Обаған және Тобыл өзендерінде жиі байқалған. Экологтар екі өзен суларынан бір жылда 50 реттен артық ластаушы заттардың күрт өсуін тіркеді. Әсіресе, хлорид, сульфат, кальций, магний, марганец бойынша нормативтер асып кеткен. 

Ресурстың жазуынша, Ақтөбе облысындағы Елек өзені де назар аударуға тұрарлық. Екі жыл қатарынан "Қазгидромет" РМК мамандары өзен суларының улылығы алты валентті хроммен жоғары ластануының 8-9 жағдайын тіркеді. Бұл есепте көрсетілмеген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу