18 қазанда еліміздің бес облысында қолайсыз ауа райына байланысты ескерту жарияланды, деп хабарлайды Inbusiness.kz "Қазгидромет" РМК баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Күндіз Батыс Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысында, орталығында батыстан, оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с дейін жетеді. Оралда күндіз батыстан, оңтүстік-батыстан 18 м/с жылдамдықпен жел соғады деп күтіледі.
Түркістан облысының таулы аудандарында шығыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с құрайды деп болжанады.
Жамбыл облысының таулы аудандарында тұман түсуі ықтимал. Облыстың оңтүстік-батысында, солтүстік-шығысында, таулы аудандарында солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа ойыса соққан желдің екпіні 15-20 м/с құрайды.
Түнде Маңғыстау облысының оңтүстігінде, солтүстік-шығысында солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа ойыса соққан желдің екпіні 15-20 м/с дейін жетеді деп күтіледі.
Түнде және таңертең Қостанай облысының оңтүстік шығысында тұман болады деп болжанады. Облыстың батысында, солтүстігінде оңтүстік батыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с құрайды.