Интеллектуалды қауымдастық форумының (АҚШ) рейтингі бойынша Астана 2016 жылы әлемдегі үздік 21 ақылды қаланың тізіміне енді. Бұл туралы BNews.kz хабарлайды.
Он жылдан астам уақыттан бері әлемдегі қалалардың дамуын бағалауды талдаумен айналысатын "Топ-21" ақылды қаланың ICF рейтингіне Астананың да енгені мәлім болды.
ICF мәліметтеріне сәйкес, биыл "әлемнің ақылды қалаларының тізімін" желілік технологиялар саласындағы ірі компания Сisco-ның бұрынғы басшысы Норман Джэникс бастаған талдаушылар тобы жасаған.
ICF тең құрылтайшысы Джон Юнгтің айтуынша, тізімге сандық теңсіздік ғасырында жергілікті экономика мен қоғамда сандық құралдарды пайдаланатын қалалар, өңірлер мен қауымдастықтар тобы енген.
Рейтингке Канада, Тайвань, Аустралия, Жаңа Зеландия, Ресей, Ұлыбритания және АҚШ елдерінен бірқатар қалалар еніп отыр. Енді олар "ТОП-7" ақылды қалалардың қатарына енуге ұмтылады, оның нәтижелері 2017 жылы ақпан айында Тайпей қаласында жарияланатын болады
Еске салайық, Астана осыдан екі жыл бұрын Огайо штатында өткен үшінші Ақылды қауымдастықтар симпозиумында (АҚШ) "The Intelligent Community Forum" беделді рейтингі бойынша "ТОП-21" ақылды қалалар тізіміне енген болатын.