Еліміздің сақтандыру медицинасына көшуге әзірлігі қандай?

851

 Бұл сұраққа тиісті ведомствоның вице-министрі Лязат Ақтаева жауап берді.

Еліміздің сақтандыру медицинасына көшуге әзірлігі қандай? Фото: primeminister.kz

"Біздің өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтармен жұмыс істеу үшін, олардың статусын өзектендіру үшін, медицина қызметкерлерін оқыту үшін нормативтік-құқықтық актілер мен ақпараттық жүйелерді әзірлеу үшін уақытымыз жеткілікті болды деуге болады. Осы жылдар ішінде бұрын орын алған барлық кемшіліктер жойылды. Бүгінде денсаулық сақтау жүйесі МӘМС енгізу үшін жоғары әзірлік деңгейінде",– деді Лязат Ақтаева премьер-министрдің ресми ақпараттық ресурсында жарияланған сұхбатында.

Министрлік өкілінің айтуынша, осы уақыт аралығында қор кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі аясында медициналық қызметтерге толыққанды бірыңғай төлем жүргізушіге айналды, сатып алулар рәсімін барынша пысықтады, жеткізушілердің –  медициналық ұйымдардың сапалы базасын қалыптастырды, ақшалай қаражаттың аса жеткілікті көлемін – 200 млрд теңгеден астам қаржы жинақтады.

"Бұл ретте, бүгінгі таңда аударымдар мен жарналар тек жалдамалы жұмыскерлер үшін ғана жүргізіледі, ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін енді ғана жүргізіле бастады. Филиалдар құрылды, ұжымдар бар, міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде сатылатын медициналық қызметтерді сатып алу үрдістері де енгізіліп қойды",– деді Ақтаева. 

Вице-министр  2020 жылғы 1 қаңтарға қарай азаматтардың статустарын өзектендіру, сақтандырылған немесе сақтандырылмаған азаматтарды есепке алу ғана қалғанын айтты. Сондай-ақ, тегін және сақтандыру пакеттеріндегі медициналық қызметтерді жекелей есепке алу жүйесін барынша жетілдіру керек.

Айта кетсек, медициналық сақтандыруды енгізу туралы мәселе екі жылдан бері көтеріліп келе жатыр. Қор өз жұмысын 2017 жылы шілдеде бастаған болатын, бірақ жүйені іске қосу екі рет кейінге шегерілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу