Облыс әкімі Даниал Ахметов осыдан 10 жылға жуық уақыт бұрын ауруханалардағы маман тапшылығын түбегейлі жоямыз деп, уәде берген еді. Бірақ әзірге нәтиже жоқ. Ақхалаттылардың жетіспеушілігі әсіресе, ауыл халқын қинап тұр. Басы ауырып, балтыры сыздаған ел қалаға шабылып әлек. Бұл жағдай медицина қызметкерлерін де қажытып барады. Өйткені, кей дәрігерлерге кезекті еңбек демалысында толық демалуына мұрсат берілмеуде.
Дәл қазір Шығыс Қазақстан облысындағы ауруханаларда 150-ге жуық дәрігердің орны бос тұр. Әсіресе, арнайы мамандандырылған хирург, дермотолог, неонатолог, жалпы тәжірибелі дәрігер секілді мамандар жетіспейді. Соның салдарынан жанына шипа іздеген ауылдағы ел өзіне керек дәрігерінің келуін күнде күтеді. Ал оған шыдамай, ауруы жанына батқандар өзге жердегі тиісті мамандарға жазылып, қабылдауына зар болып әрең жетуде.
"Қалаға тағы да жазылуың керек. Сенің записің жоқ болса онда тағы қарамайды қалада. Сонымен сөйтіп өзі бір, 2-3 күніміз өтеді. Сөйтіп жүріп, одан арман зорыға ауырамыз", дейді Самар ауылының тұрғыны Айгүл Азанбаева.
Өңірге ең қажетті анестезиолог-реанимотолог табылмай тұр. Облыс бойынша мұндай маманның 17-сі қажет. Мысал үшін айтайық, 12 мыңнан аса халқы бар Самар ауданындағы осы мамандық иесінің соңғы рет қашан еңбек демалысына шыққаны белгісіз.
"Демалысқа шыға алмайтын реанимотолог кісі бар. Ол тек қана жалғыз дәрігер. Демалысқа шыққан күннің өзінде де Самар ауылында жүру керек. Өйткені, біз оны керек кезде шақыруға мәжбүрміз", дейді Самар ауылы емханасының меңгерушісі Индира Байзақова.
Ауылдағы бас дәрігерлер жас дәрігерлерді шақырып әкеле алмай отыр. Өйткені, оқуын енді ғана тәмәмдағандар жағдайдың дұрыс жасалмағанын сылтау етеді. Жер үйде тұрып, пеш жағудан қашады. Бір рет берілетін 100 АЕК көлеміндегі көтерме ақшаны да аз санайтын көп көрінеді.
"Дәрігерлердің ауылға келмеу себебі, жас мамаедар қалалы жерлерде жұмыс істегілері келеді. Сондықтан ауылға қазіргі күнде мамандарды тарту қиын", дейді Облыстық денсаулық сақтау басқармасы әкімшілік бөлімінің басшысы Бекзат Сәкиғожина.
Аудандар бойынша әсіресе, Алтай мен Шемонаиха, Глубокое, Катон-Қарағай және Ұлан аудандарында дәрігер тапшы. Халық саны 350 мыңдай болатын Өскеменнің өзінде 70 дәрігер жетпейді.