Өсім инвесторлардың мұнай өндіру және саудаға қосқан қосымша үлесі есебінен болды, деп жазады inbusiness.kz finprom.kz порталына сілтеме жасап.
Тікелей шетелдік инвестициялардың жаһандық көлемі былтыр 12,4%-ға төмендеген. 2022 жылы инвесторлар әр түрлі елдердің даму жобаларына шамамен 1,3 трлн доллар құйды. Бұл 2021 жылға қарағанда 183 млрд долларға аз. Көрсеткіштің айтарлықтай қысқаруына Украинадағы соғыспен байланысты жаһандық дағдарыс, азық-түлік пен энергия ресурстарының қымбаттауы әсер етті. Деректер БҰҰ сауда және даму конференциясында (UNCTAD) жарияланды.
UNCTAD-тың әлемдік шетелдік инвестициялар туралы есебінде тікелей шетелдік инвестиция қысқаруының негізгі салдарын дамыған елдер сезінгені айтылған: олар өткен жылдың көлемінің 36,7%-ын ала алмады.
Капитал салымдары көлемінің үштен екісі құрамына Қазақстан да кіретін дамушы экономикасы бар елдерге тиесілі болды. Бұл мемлекеттер тобы халықаралық инвесторлардан 916 миллиард доллар алды (2021 жылға қарағанда +4%).
Дамушы елдер үшін 4% өсім – орташа көрсеткіш. Кейбір елдерде шетелдік инвестициялар аздап қысқарды, ал Қазақстанда керісінше тікелей шетелдік инвестициялардың таза ағыны 2022 жылы 83,1%-ға өсіп, 6,1 млрд доллар болды. Орталық Азияның басқа елдерімен салыстырғанда бұл ең үлкен сома екенін айта кету керек.
Биыл да Қазақстанға тікелей шетелдік инвестицияның таза ағыны өсіп жатыр. ҚР Ұлттық Банкінің мәліметінше, қаңтар-наурыз айларында еліміз шетелдік инвесторлардан 2,5 млрд доллар алды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 44%-ға артық.
Өңірлік бөліністе осы жылдың басында шетелдік инвестициялар негізінен Атырау облысы мен Алматы қаласына тартылған. Олардың тікелей шетелдіу инвестицияның жалпы көлеміндегі үлесі сәйкесінше 31,1% және 30,1% болды. Елдің батыс бөлігінде инвесторлар негізінен мұнай өндіру саласына, оңтүстік Астанада сауда мен қаржы секторына инвестиция құйған.
Қазақстанға қандай елдер инвестиция құяды? Тікелей инвестициялардың көп бөлігі елімізге Еуропа мен АҚШ-тан келеді. Биылғы жылдың бірінші тоқсанындағы қаржы құю құрылымына сәйкес, Қазақстан үшін инвестициялардың басты “экспорттаушысы” Нидерланды болды (үлесі – 20,5%). Екінші орынға 19% көрсеткішпен АҚШ жайғасты. Үздік үштікке Швейцария енді: елімізге инвестицияланған әрбір оныншы доллар осы елден шыққан.
Республикамызға капитал түсетін үздік 10 елдің қатарында Ресей мен Қытай да бар. Егер 2022 жылы Украинамен қақтығыс және жалпы экономикалық құлдырау аясында Ресей Қазақстанға тікелей шетелдік инвестицияларды 19,7%-ға қысқартса, онда осы жылдың бірінші тоқсанында бұл үрдіс өзгерген. 2023 жылдың алғашқы 3 айында ресейлік кәсіпкерлер Қазақстан экономикасына 653,1 млн доллар салды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30,4%-ға көп.