Соңғы сегіз айда астанада 7 277 адам нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысты, деп хабарлайды ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
Аталған бағдарлама еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша кәсіби дағдыларды қалыптастыру үшін азаматтардың жекелеген санаттары үшін қысқа мерзімді курстар өткізуді көздейді. Қазіргі таңда «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының бірінші бағыты аясында Нұр Сұлтанда 550 адам оқуға жіберілді. Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту аяқталғаннан кейін халықты жұмыспен қамту орталықтары мемлекеттік бағдарламаның қатысушыларына жұмысқа орналасуға көмек көрсетеді.
Мемлекеттік бағдарламаның екінші бағытының негізгі міндеті азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын дамыту болып табылады. Оның шеңберінде бастапқы бизнесті іске асыратын немесе іске асыруды жоспарлайтын және бұрын басқа мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қаржылық қолдау алмаған үміткерлерге өтеусіз және қайтарымсыз негізде 100 және 200 АЕК мөлшерінде мемлекеттік гранттар беріледі. Бұдан басқа, ауылда және қалаларда кәсіпкерлік әлеуеті бар ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне және олардың зейнеткерлік жасқа жетпеген мүшелеріне, шаруа және фермер қожалықтарына микрокредиттер беріледі. «Бастау-Бизнес» жобасы аясында микрокредит алушылар үшін кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жүргізіледі.
Нұр-Сұлтан қаласында микрокредиттеумен 48 адам қамтылды. Мемлекеттік гранттарды 100 АЕК-ке дейінгі мөлшерде мемлекеттік бағдарламаның 39 қатысушысы, 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде – 10 (жастар, аз қамтылған және көп балалы отбасы мүшелері, еңбекке қабілетті мүгедектер) адам алды.