Елордада зәулім үйдің 15-қабатында пәтер өртенді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Нұр-Сұлтан қалалық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін сағат 14.24-те елорданың өрт сөндіру бөлімшелеріне Сығанақ көшесі, 18/2 мекенжай бойынша шақырту түсіп, құтқарушылар оқиға орнына жедел аттанған. Жеке құрамның 22 маманы мен 5 бірлік техникасы оқиға орнына жеткен кезде 16 қабатты көппәтерлі тұрғын үйдің 15-қабатынан қою қара түтін шыққаны анықталған.
"Кіреберісте қатты түтін шығып, адамдар эвакуацияланды. Алдын-ала болжамға сәйкес, өрт шыққан пәтерде ешкім болмаған. Жалын шарпыған аумақ 30 шаршы метрді құрады. Сағат 15.18-де өрт толығымен сөндірілді. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ", – деді департаменттен.