Ең төменгі күнкөріс деңгейі күн көруге жете ме?

2471

40 567 теңге. Бұл  бір адамның 1 айда күнкөрісіне қажетті сома. Биылға мемлекет бекіткен ең төменгі күнкөріс деңгейі осындай. 

Ең төменгі күнкөріс деңгейі күн көруге жете ме? Фото: Qazaqstan.tv

Яғни, 40 567 теңгеге сүйене отырып жәрдемақы сияқты бірқатар әлеуметтік төлемдер есептелуі тиіс. Экономистер болса әлемдік тәжірибе бойынша бұл сома кемі 2 есеге көп болуы керек,- деп отыр. 

2022 жылдың қорытындысы бойынша ең төменгі күнкөріс деңгейінен табысы аз азаматтар жалпы халықтың 5 пайызына жуық болған. Бұл  900 мыңнан астам адам 40 мың теңгеге жетпейтін ақшаға күн көріп отыр деген сөз. Ал халықаралық ұйымдардың есебіне сенсек, бұл көрсеткіш 3 есеге көп болуы тиіс екен.

"Неге оны олай есептейді дүниежүзілік банк? Жалпы Біріккен ұлттар ұйымында нақты келісімдерінде қарастырады: табысы орташа елдерде күніне 5,5 доллардан төмен табыс тапқан азаматтар кедей халық деп табылады. Егер қарайтын болсақ, ол шамамен 80 мың теңге болуы керек. Демек бүгінгі күндегі ең төменгі күнкөріс шегі 40 мың емес, 80 мың болуы керек. 80 мыңнан төмен табысы бар азаматтарды "кедей азаматтар" деп қарастыруымыз керек", дейді экономист Мақсат Халық.

Қарапайым мысал ретінде 6 балалы отбасын алсақ. Отағасы 200 мың жалақы алып, жұбайы 6 бала үшін мемлекеттен 82 мың жәрдемақы алса, жалпы табысы отбасындағы жан басына шаққанда 35 мың теңгеден келеді екен. Бұл биыл бекітілген 40 мың теңгелік межеден аз. Демек, жұмыс істейтін азаматтар да осы санатқа кіруі мүмкін.

"Менің әріптесім Ерлан Смайылов депутаттық сауалына 1-2 күн бұрын жауап алды. "Жұмыс істейтін адамдардың кедейлігі" деген ұғымды үкімет қабылдамай отыр. Сіз жұмыс істейсіз, бірақ кедейсіз. Өйткені тапқан-таянғаныңыз аспайды. Мысалы несиеңіз бар, басқасы бар. Егер сол кісілердің тапқан-таянғаны жетпейтін болса, "кедей адамдардың күн көруі қаншалықты болады?", деген сөз", дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ғазиз Құлахметов.

Осы ұсыныстарды жүзеге асыруға не кедергі? Депутаттар бәрі қаржыға тіреледі,- дейді. Өйткені, ең төменгі күнкөріс деңгейі өссе, артынша сол арқылы есептелетін әлеуметтік төлемнің бәрі өсуі тиіс. Ол бюджетке оңай тимесі анық. Қаржы министрлігінің мәліметіне сүйенсек 2018-2022 жылдар аралығында ғана ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты қосымша бюджеттік шығындар 1 триллион теңгеге жуықтапты. Ал, оның деңгейі қалай есептеледі?

"Ең төменгі күнкөріс деңгейін есептеу барысында осы нормаға сәйкес көрсеткіштер бөлшек сауда желісінде, оған супермаркеттер, дүкендер, базарлар және тағы басқа сауда нүктелерінде тіркелген орташа баға есебімен көбейтіледі", дейді ҚР Ұлттық статистика бюросының сарапшысы Арайлым Жұманазарова.

Ал, 2 мүгедек тәрбиелеп отырған қарағандылық Татьяна болса бұл есептеулермен келіспейді.

"Күн көру мүмкін емес. Бұл жерде коммуналдық төлемдер ескерілмейтін сияқты. Өйткені олар өте қымбат. Оның үстіне адамның ауыратынын ұмытпау керек. Мүгедектігінен бөлек сырқаттанатыны бар ғой. Соңғы рет балам ауырған кезде 30 мың теңгеге дәрі сатып алдым. Ары қарай ішіп-жемге жетпеген соң еріксіз жұмысқа шығасың", дейді Мүгедек бала тәрбиелеуші ана Татьяна Шинкоренко. 

Ең төменгі күнкөріс деңгейі қайта есептелсе, онда әлеуметтік төлем алушы сан мыңдаған адам үшін қуанышты жаңалық болары сөзсіз. Осы салаға тікелей жауапты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еш жауап бермеді. Айта кетерлігі күнкөріс деңгейін есептеу әдістемесі 2006 жылы бекітілген.

Бақытнұр Әлібай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу