Енді әскердегі сарбаздар кредитін төлемесе болады

910

Былтырғы жылдың желтоқсан айында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Қорғаныс министрлігі арасында арнайы меморандумға қол қойылды.

Енді әскердегі сарбаздар кредитін төлемесе болады Фото: turkystan.kz

Биыл мерзімді әскери борышын өтеп жүрген азаматтарға кредиттік каникулдар беріле бастады. Қорғаныс министрлігі наурыз айынан бері 4 мыңға жуық сарбаздың қаржы ұйымдарының алдындағы берешегі 13 айға кейінге шегерілгенін хабарлады. Әскер сапындағы азаматтарға несиелік үзіліс беру қаншылықты қажет? 

Қатардағы жауынгер Дарын Әшім былтыр өз атына микроқаржылық ұйымдардан 2 несие рәсімдеген. Ойда жоқта әскерге аттанған азамат несие төлеуді ата-анасына жүктеп кеткен. Бүгін Алматы өңірлік әскери горнизонындағы борышкер-сарбаздар банк бөлімшесіне келіп, өтініш толтырды. Енді олар еш алаңдамай әскери борышын өтеуіне мүмкіндік алды. 

"Әскерге келмей тұрып несиеге телефон алған болатынмын. Несиені тоқтату туралы жақсы жаңалық естідім. Командирімізбен банк бөлімшесіне барып, құжаттарды өткіздік. Қазіргі таңда ата-анам несиені қалай төлейді деген уайымда емеспін. Несие тоқтатылды, бәрі ойдағыдай", - дейді қатардағы жауынгер Дарын Әшім. 

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мамандары қорғаныс министрлігінен 13 мыңға жуық сарбаздың тізімі келгенін айтады. Тексерістен кейін 7 мың сарбаздың өтелмеген несиесі бары анықталған. Осылайша жыл басынан бері 3 жарым мыңнан астам сарбаздың атындағы 5 мыңға жуық несиеге уақытша үзіліс берілген. Қазір кредиттік каникул беру үшін әлі де тиісті анықтамалар жиналып жатыр дейді мамандар. 

"Былтырғы жылдың желтоқсан айында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Қорғаныс министрлігі арасында арнайы  меморандумға қол қойылды. Онда қорғаныс министрлігінің агенттікпен және қаржы ұйымдарымен өзара әрекеттесуінің арнайы алгоритмі әзірленді. Осылайша төлемдерді кейінге қалдыру кезеңінде несие берген ұйым сотқа арыз беруді тоқтатады", - деді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің бас маманы Бэлла Чоканова.

Сарапшылар бұл бастама құптарлық іс екенін айтады. Өйткені, төлем қабілеті төмен азаматтардың көбеюі қаржылық ұйымдар үшін де тиімсіз. Мұндай жеңілдік беру тәжірибесін жоғарғы оқу орындарына да енгізу қажет дейді. 

"Студенттің табысы тұрақты демес қой. Бір кезде табысты болуы мүмкін, бір кезде табыссыз қалуы мүмкін. Ол кездерде кәдімгідей қудаламай қарызың млн болып кетті деп артынан іздемей отырып көмек беруі керек деп ойлаймын. Жалпы дамыған мемлекеттерде осындай тәжірибе кең тараған. Сондықтан бізде осындай үрдіс жиі болғаны дұрыс деп ойлаймын", - деп пікір білдірді экономист Мақсат Халық.

Елімізде жыл сайын 50 мыңға жуық азамат әскер сапына алынады. Мерзімді борышын өтеу кезінде көптеген сарбаздардың несие тарихына нұқсан келеді. Көп жағдайда колекторлық компаниялар қарызды өтеуді сарбаздың туыстарына жүктейтін. Енді сарбаздар борышын өтеп келіп, жұмысқа орналасқанға дейін несиесін төлемесе болады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу