Енді елордалықтар су тапшылығын тартпайды

288

Тәулігіне қосымша 90 мың текше метр су берілген.

Енді елордалықтар су тапшылығын тартпайды Фото: Inbusiness.kz

Енді алдағы 5 жыл бойы бас қалада тіршілік нәрі тапшы болмайды. Бір ай бұрын Астанада іске қосылған су сорғы станциясына қатысты жауаптылар осылай деді. Ал депутаттар болса, бұл мәселенің тек уақытша ғана шешім екенін айтады. 2030 жылы ауыз су азаяды деген болжамға сүйенген мәжілісмендер елордада тағы бір сүзгі стансасын салу керек деген пікірде, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Бас қаланың басшысы Жеңіс Қасымбектің былтыр берген брифингінде айтқан басты жаңалығының бірі тіршілік нәрі туралы болды. Әкім елордада енді су тапшылығы жоқ деп ресми мәлімдеме жасады. Бұған бірінші себеп Астанада су қоймасынан қосымша құбыр желісі іске қосылып, тәулігіне қосымша 90 мың текше метр су берілген. Екіншіден, шаһар шетінде сыйымдылығы 105 мың текше метр болатын үшінші сорғы-сүзгі стансасының құрылысы аяқталды. Ашылғанына айдан аспаған 2 блоктан тұратын нысанды бүгін жауаптылар журналистер мен мәжілісмендерге таныстырды.

"Өздеріңіз білетіндей былтыр көктемде Астанадағы жоғары қабаттағы тұрғын үйлерге су көтерілмей, біраз қиындық туындады. Енді осы станция қолданысқа берілгеннен кейін бұл мәселелер қайталанбайды деуге болады. Құрал-жабдықтардың барлығы соңғы үлгіде. Америка мен Германиядан алынған. Сол себепті арнайы фильтрлар мен түрлі тазартудан өткен тіршілік нәрі де барынша сапалы болмақ", - деді  "Астана су арнасы" МКК мекемесі директорының орынбасары Абай Елжасов.

Су сорғы стансасы шаһардың жарты бөлігін тіршілік нәрімен қамтиды. Жоба құны 68 млрд теңге. Дегенмен, сарапшылар су тапшылығы 2030 жылға таман тағы туындайтынын айтады. Бұған Астана тұрғындары санының артуы мен тұрғын үйлердің көптеп салынуы себеп. Дәулет Тұрлыханов бастаған бір топ депутат елордада тағы бір станса салу қажет, деп отыр. Бастысы қаржы көзін табу керек.

"Әрине бұл болашақта керек. Өйткені 200 шақырымды канал жасап, суды тарту керек Астана қаласына. Бұның бәрі қаражатқа байланысты. Қаражат өз уақытында бюджеттен бөлінсе, сумен толық қамтамасыз етіледі деп ойлаймын. Болашақта бұл да жеткіліксіз болатын шығар", - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дәулет Тұрлыханов.

Еске салсақ, елордадағы ең алғашқы сүзгі станциясы кеңес үкіметі кезінде бой көтерген. 60 жылдары салынған нысан 2016-2017 жылдары жартылай жаңартылып үлгерді. Одан кейінгісі 2010 жылы пайдалануға берілген. Ал төртінші нысан туралы әзірге толық ақпар жоқ. Тек тәулігіне 150 мың текше метр су өткізетін станса салу жоспарланып жатқаны белгілі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу