Енді мақсатсыз несие алатындарға тұсау салынады

281

Қазақстанда микроқаржы омбудсманын құру қарастырылып жатыр. 

Енді мақсатсыз несие алатындарға тұсау салынады Фото: inbusiness.kz

Мемлекет басшысы қарыз алушылардың құқығын қорғайтын заңға қол қойды. Енді елімізде несие алатындарға шектеу қойылмақ, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Саясаттанушы Асхат Қасенғалидың айтуынша, мақсатсыз несиелерді реттеу үшін кредит беру кезіндегі тәуекелдерді ескеретін заң қабылданды.

"Елімізде несие алу өте көп. Әрине, мұқтаж болып алатындарды түсінуге болады. Алайда мақсатсыз ала беретіндердің саны одан да көп сияқты. Айфонын жаңарта беретіндер, телефон шыққан сайын жаңасын алатындар, гаджеттің түр-түрін несиеге рәсімдей беретіндер жетерлік. Жақында бір жігітті көрдім, сағат алады екен. Электронды сағатты сатып алады, ақшасы болмаса несиеге немесе бөліп төлеуге рәсімдеп, ала береді екен. Таңдандым. Коллекция дейді.

Өткен айда осындай мақсатсыз несиелерді реттеу үшін кредит беру кезіндегі тәуекелдерді ескеретін заңға қабылданды. Оған президент қол қойды, сөйтіп ол күшіне еніп кетті. Мысалы әскери қызметшілер үшін мерзімді қызметін өткеру кезінде, демобилизациядан кейін 60 күн ішінде алған қарызына үстемақы есептелмейді. 

Омбудсман деген бар ғой. Оның негізгі қызметі осы банк саласында азаматтардың несиелік, қаржылық дауларын қарау болып саналады. Енді соның өкілеттілігі кеңейді. Микроқаржы омбудсманын құру қарастырылып жатыр. Омбудсманның шешімі жай сөз емес, банктер, шағын қаржы ұйымдары мен коллекторлық ұйымдар үшін міндетті болмақ екен. Кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды және 1-ші, 2-ші топтағы мүгедектігі бар адамдарды жылыту маусымында жалғыз баспанасынан мәжбүрлеп шығаруға тыйым салу туралы норма қарастырылған", - деді саясаттанушы Асхат Қасенғали.

Сондай-ақ, жаңа заңға сәйкес істі әділет органдары автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы жүргізетін болады. 

"Берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қабылдаған кезде қарыз алушының банктік шотында қалуға тиіс ақшасы ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшеріне дейін болуы керек. Барлығын сыпырып алмау керек деген әңгіме ғой. Жаңа заңға сәйкес істі әділет органдары автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы жүргізетін болады. 

Қазір алаяқтар қаптап кетті. Аты-жөніңізді, телефоныңызды біліп алып, түрлі жолмен несие рәсімдей беретін болды. Енді онлайн қарыздар бойынша биометриялық сәйкестендіру енгізілді. Бұл алаяқтар үшін жаман жаңалық әрине. Алайда олар оның да жолын табар, сол себепті абзалы жеке дерекке барынша сақ болу. 

Борышкер жеке тұлға көп жағдайда халықтың әлеуметтік осал тобына жатуы мүмкін. Ол кепілге жылжымайтын мүлікті қойып, несие алады. Басқа несін қояды?! Кейін несиесін төлей алмаса, оның жылжымайтын мүлкін өндіріп алатын. Енді жаңа заңда оған тыйым салыныпты. Солай деп оқыдым. Бұл талапқа сәйкес енді кредитті де оңды-солды бере бермей, банктер ойланып барып береді. Яғни несиені берушіге де, алушыға да талап артты деуге болады. 

Осындай заң қабылданыпты. Біле жүрген дұрыс болар", - деп қосты ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу