Енді мұғалімдер жұмысқа конкурс арқылы қабылданады

2239

Осылайша бұл шешім тек директорларға тәуелді болмайды.

Енді мұғалімдер жұмысқа конкурс арқылы қабылданады

Сенат депутаттары білім беру саласына қатысты бірнеше маңызды жаңа нормаларды қамтитын заң жобасын қарастырып, мақұлдады. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың айтуынша бұл өзгерістер сала мамандары үшін аса маңызды, деп хабарлады inbusiness.kz порталы. 

"Құжатта сала мамандары үшін аса маңызды болып табылатын нормалар бар. Енді мемлекеттік білім беру ұйымдарына педагогтерді конкурс арқылы қабылдау енгізіледі. Яғни мұғалімді жұмысқа қабылдауға қатысты шешім тек директорларға тәуелді болмайды", – деді ведомство басшысы. 

Бұл ретте министр қазіргі таңда мұғалімдерді жұмысқа қабылдау бойынша қолданыстағы жүйе ашықтық қағидаттарына толығымен сай келмейтінін мойындады.

"Сәйкесінше сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол берілуі мүмкін. Мәселен, кейбір өңірлерде бір пән бойынша бір ставканы төрт мұғалімге бөліп береді. Бұл өз кезегінде білім беру сапасына кері әсер етеді. Сондықтан мұндай фактілердің алдын алу үшін педагогтерді жұмысқа конкурс арқылы іріктеп, барлығына түсінікті әрі ортақ ереже бойынша қабылдау көзделді", – дейді Асхат Аймағамбетов. 

Ережеде конкурстық іріктеудің нақты қағидалары бекітіледі. Бұл жұмыс цифрлық технологиялардың көмегімен автоматтандырылады. Сәйкесінше педагогты жұмысқа қабылдау туралы шешімді бір ғана адам емес, көпшілік қабылдайды. Осылайша мұғалімдердің кәсібилігіне ден қойылмақ.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу