“Қазақстанда Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігі педагогикалық корпустың сапасы мен бәсекеге қабілетін арттыру мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңес құрды. 29 наурыз күні жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру педагогикалық ұйымдарының ректорларының, өңірлердің білім басқармалары басшыларының, ұлттық білім академиясы өкілдерінің және т.б. қатысуымен ведомствоаралық кеңестің отырысы өтті. Оның қорытындысы бойынша педагогикалық практикадан, тәлімгерліктен, педагогтердің біліктілігін арттырудан өтудің жаңа форматын сынақтан өткізу туралы шешім қабылданды”, - деді Премьер-министр.
Бұдан бөлек педагогикалық білім беру сапасын жетілдіру мақсатында "Атамекен" ҰКП, "Назарбаев Университеті", "Назарбаев Зияткерлік мектептері", Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, жоғары білім беруді дамытудың ұлттық орталығы өкілдері қатарынан жұмыс тобы құрылды.
“Сонымен қатар педагог кадрларды даярлау жүйесін жақсарту мақсатында бірқатар жүйелі шаралар қабылданды. Оның ішінде педагогикалық мамандықтар бойынша талапкерлерге қойылатын талаптар жоғарылады, педагогикалық жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларының студенттеріне шәкіртақы мөлшері артты (26 186 теңгеден 58 мың теңгеге дейін). Педагогикалық жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары үнемі жаңартылып отырады. Үздік әлемдік тәжірибені ескере отырып, білім беру бағдарламаларының 73%- жаңартылды. 2023-2024 оқу жылынан бастап Дүниежүзілік Банктің "Педагогикалық білім беру әлеуетін күшейту" жобасы аясында әзірленген 30 инновациялық білім беру бағдарламасын енгізу жоспарланып отыр”, - деді Смайылов.
Үкімет басшысы педагогтерді аттестаттаудан өткізу рәсімін жетілдіру жөнінде шаралар қабылданатынын атап өтті. Бұл мақсатта педагогикалық қоғам өкілдері мен сарапшылар қатарынан жұмыс тобы құрылды.
“Жұмыс нәтижелері бойынша нормативтік-құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізілетін болады. Бұл ретте аттестаттау процесінің объективтілігін, ашықтығын қамтамасыз ету үшін педагогтердің портфолиосын қарау әртүрлі ақпараттық жүйелерден деректер автоматты түрде қалыптастырылатын бірыңғай электрондық платформада жүзеге асырылатын болады. Аттестаттаудың әрбір келесі кезеңіне жіберу де автоматты түрде жүзеге асырылатын болады. Педагогтердің кәсіби деңгейін арттыру бойынша жұмыс жалғасып жатыр және бұл Үкіметтің бақылауында”, - деді Премьер-министр.