Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев атом энергетикасын дамыту перспективалары мәселесі жөнінде баяндады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Ел экономикасының тұрақты өсуі электр энергиясына деген сұраныстың артуымен қатар жүруде. Цифрландыру, көлікті электрлендіру және энергияны көп қажет ететін салалардың өнімдерін тұтынудың өсуі сияқты жаһандық трендтер таза және жоғары тиімді энергия көздерін енгізуді талап етеді. Қазірдің өзінде өнеркәсіп, металлургия, көлік, IT, медицина, фармацевтика және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу сияқты секторларда жаңа жобаларды іске асыру үшін электр энергиясының едәуір көлемі (шамамен 8 ГВт) қажет", - деді министр.
Оның айтуынша, бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын құруға, экономикалық өсуді ынталандыруға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға қабілетті. Алайда олардың дамуы қазір елдегі энергия қуатының жетіспеушілігімен шектелуде.
"Егер жаңа тұрақты энергия көздерін – жаңартылатын, реттеуші және базалық қуаттарды салу бойынша шұғыл шаралар қабылданбаса, жағдай күрделене түсуі мүмкін. Бүгінде еліміздегі электр энергиясын өндірудің негізгі үлесі жалпы өндірістің 66%-ын қамтамасыз ететін көмір станцияларына тиесілі. Сонымен қатар жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) секторы айтарлықтай өсуді көрсетуде. 2023 жылдың қорытындысы бойынша ЖЭК объектілерінің саны 148 объектіні құрады және ЖЭК өндіру үлесі шамамен 6%-ға жетті. 2035 жылға қарай электр энергиясын тұтыну 152,4 млрд кВтсағ деңгейінде болжанады. Бұл ретте бірқатар объективті себептер бойынша қолданыстағы энергия көздерін өндіру төмендейді және 135 млрд кВтсағ-тан аз болады", - деді Сәтқалиев.
Министр 2035 жылға қарай жиынтық қуаты 26,5 ГВт жаңа өндіруші қуаттарды іске қосуды қамтамасыз ету талап етілетінін баса айтты.
"Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, атом электр станциясының құрылысы шығатын қуаттарды ауыстыру және Қазақстанның энергияға тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін жалғыз дұрыс шешім болып көрінеді. Қазіргі кезеңде АЭС-ке балама жоқ. Атом энергетикасын дамыту үшін бізде барлық қажетті жағдайлар бар екенін атап өткен жөн. Қазақстан өндірілетін табиғи уран көлемі бойынша әлемде бірінші орында және іс жүзінде толық ядролық-отын цикліне ие", - деді Энергетика министрі.