Еріктілердің атын жамылғандарды көмекке шын мұқтаж жандардан ажырату қиын

1152

Көмек сұраған адамдардың өзін өзі ұстауына, іс-әрекетіне байланысты қандай да бір бекітілген ережелер жоқ.    

 Еріктілердің атын жамылғандарды көмекке шын мұқтаж жандардан ажырату қиын

Атырау қаласы аумағында учаскелік полиция қызметкерлері қоғамдық орындарда азаматтарға мазалап тиіскен, бал ашқан, қайыршылық жасаған және өзге де құқықбұзушылықты анықтап, жолын кесу мақсатында рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. Ол бойынша облыста қайыршылықпен айналысқан 6 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Атап айтсақ, 7 қаңтар күні "Ақ депо" мөлтек ауданында орналасқан №9 мектептің тұсында 52 жастағы қала тұрғынының қайыршылықпен айналысқаны анықталып, оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 449 бабымен әкімшілік хаттама толтырылып, ескерту берілген. Одан басқа, жасалған ескертулерге қарамастан, осы құқықбұзушылықты қайталап жасаған екі тұлға анықталып, оларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, әрқайсысына 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұлдар салынды. Былтыр осындай құқықбұзушылықтарды жасаған 814 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 

Қазіргі күні облыста, соның ішінде Атырау қаласындағы көпшілік орындарда, сауда орындары, супармаркет кіребірістерінде күнделікті күнкөрісіне ақша сұрағандардан бастап, жағдайына нашар отбасына, ауыратын балаға көмек аударуды сұрап тұрғандар аз кездеспейді.

Үкіметтік емес ұйымдармен және еріктілермен жұмыс атқарып отырған облыстық шкі саясат басқармасы "Азаматтық орталығы" КММ директоры Әйгерім Досқалиева бұл жерде көп мәселе заңдық тұрғыдан анықтауды қажет етіп тұрғанын айтады. Қаржылай көмек сұрағандардың арасында расымен де волонтерлер бар, әдетте олардың қолында қордың атауын, мақсатын, еріктінің аты-жөнін көрсететін құжат көшірмелері болады және олар түскен қаражатқа чек соғып немесе кіріс құжатын рәсімдейді. 

"Бұған дейін Атырауда кішкентай балалардың өткен-кеткен адамдардан ақша сұрап жүргені жөнінде шағымданған жағдай болды. Анықтай келгенде, оларды өңірге басқа жақтан келген қордың "түскен қаражаттан пайыз береміз" деп жалдағанын білдік", - дейді Ә.Досқалиева.

Белгілі болғандай, еріктілердің атын жамылып, көпшіліктен "жылу" жинап отырғандар аз емес. Бірақ, оларды анықтау қиындық келтіреді. Сол сияқты, көмек сұраған адамдардың өзін өзі ұстауына, іс-әрекетіне байланысты да қандай да бір бекітілген ережелер жоқ екен. Көбінесе тұрғындар "көмек сұрағандар" қатты мазасын алып, берекесін кетіргенде ғана полицияға шағымданып, сол бойынша тексеру жүргізіледі.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу