Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Мәжіліс қабырғасында биыл осымен екінші рет Жоғары аудиторлық палатаның есебі қаралғанын, бірінші жартыжылдықта дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жайы талқыланғанын жеткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бүгін қаралып жатқан мәселенің де – кәсіпкерлікті қолдау шараларының да маңызы зор. Жалпы, елімізде осы бағыттағы ауқымды шаралар ұзақ жылдан бері жүзеге асып келеді. Мемлекет басшысының нақты тапсырмалары бар. Бюджеттен қыруар қаржы жұмсалуда. Соңғы бес жылда кәсіпкерлерге 4,5 триллион теңге бөлінген. Сол қаражат қалай жұмсалып жатыр, оның тиімділігі мен қайтарымы, кәсіпкерліктің одан әрі дамуына әсері қандай? Экономикалық өсімді қамтамасыз етуге қаншалықты ықпал етті? Осы сұрақтардың жауабын бүгін бірлесіп қарастырып көрдік. Бұл мәселелер Жоғары аудиторлық палатаның есебінде де қамтылған", – деді Ерлан Қошанов.
Мәжіліс спикерінің сөзінше, қолданыстағы құралдардың көбі алға қойған міндеттерді толық көлемде орындай алмай отыр.
"Осыған байланысты бүкіл қолдау шараларына кешенді ревизия жүргізу қажет. Бұл мәселеге формальды түрде қарап, тек қолдау шараларының тізілімін жасаумен ғана шектелмеген жөн. Олардың тиімділігіне терең талдау жүргізу керек. Бұл жұмыста көзделген шаралардың санына емес, нақты экономикаға қалай әсер ететініне басымдық берілуге тиіс. Екіншіден, кәсіпкерлікті қолдау үшін бірыңғай, орталықтандырылған саясат қажет. Ол туралы бүгін көп айтылды. Сын да болды. Қолдау көрсету жүйесі "бір терезе" қағидаты бойынша жұмыс істеп, кәсіпкерлердің бірыңғай цифрлық кабинетіне айналуы қажет. Мемлекет басшысының өзі "мұндай ахуал кәсіпкерлерді шатастыратыны" туралы айтқан болатын. Сонымен қатар, қолдау шаралары салалық және аймақтық ерекшеліктерді де ескеруге тиіс", – деп атап өтті ол.
Мәжіліс төрағасы институционалдық жауапкершіліктің төмендігін де баса айтты.
Айтуынша, бүгінде жергілікті атқару органдары деңгейінде шағын және орта бизнесті дамыту міндеті көбінесе "көмескі" күйінде қалып отыр.
"Әкiмдердiң қызметіне Жалпы өңірлік өнім мен тартылған инвестиция көлемiне қарап баға берілуде. Ал олар негізінен iрi кәсiпорындар есебінен қалыптасады. Бұл ретте, шағын және орта бизнестен түсетін салық түсімдерінің бір бөлігі жергілікті деңгейге берілгенін ескерсек, кәсіпкерліктің дамуын қамтамасыз етудегі әкімдердің жауапкершілігі де артуға тиіс. Осыған байланысты облыстық қана емес, аудан деңгейінде де әкімдіктер үшін кәсіпкерлікті дамыту бойынша жеке KPI бекіткен жөн", – деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.
Айта кету керек, бұған дейін Әлихан Смайылов бизнесті қолдау тетіктерінің кемшін тұстарын айтқанын жазғанбыз.
Депутат орта бизнестің экономикадағы үлесі төмендеп жатқанын жеткізді. Павлодарда іс жүзінде жоқ зауыттың инфрақұрылымына 2,5 млрд теңге жұмсалғаны белгілі болды.