Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 11 пайыздан 10,5 пайызға дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Енді екінші деңгейлі банктерге берілетін қарыз арзан пайызбен таратылады. Нарықта арзан ақша пайда болуы несиеге деген сұранысты арттырары сөзсіз. Ал, ипотека нарығында пайыздық мөлшерлеме төмендей ме? Мұндай қадамның теңгенің тағдырына қалай ықпал ететіні туралы ҚазАқпарат хабарлайды.
Қазақстандық сарапшы, "Resmi" компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Мажибаев аталған прайм-рейт қаржы нарығында ерекше толқу туғызбайды деп отыр. Алайда қысқа мерзімде теңгенің әлсіреуіне әкелуі әбден мүмкін. Өйткені, алыпсатарлар нарықта теңгенің әлсіреуіне қарай ойнайды.
Ал банк саласының мамандары базалық ставканы азайтудың теңге бағамына әсері болмайды деп санайды.
Еуропалық сарапшылар керісінше, теңге қымбаттап, доллар әлсіреуі мүмкін деп санайды.
"Теңге қымбаттауы мүмкін. Өйткені дамып келе жатқан нарықта сауда мен мәмілелер доллардың әлсіреуіне байланысты қызық болып отыр. Бұл әлемдік өтімділіктің басты факторы. Ставкаларды азайту экономиканы жандандырудың бір тәсілі", - деді Saxo Bank инвестициялық банкінің бас валюталық стратегі Джон Харди.
Айта кету керек, Қазақстанда базалық ставка 10,5 процентке дейін төмендеді. Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені симметриялы +/-1% пайыздық мөлшерлеме дәлізімен 11%-дан 10,5%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады.