Бас прокуратура терроризмді насихаттау мен жалған хабарламаларға қатысты ескерту жасады

146

Елдің қолданыстағы заңнамасында терроризмді насихаттау және терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру үшін қылмыстық жауаптылық көзделген. 

Бас прокуратура терроризмді насихаттау мен жалған хабарламаларға қатысты ескерту жасады Фото: ҚР Бас прокуратураның баспасөз қызметі

Бұл нормалар қоғамдық қауіпсіздікті қорғауға, азаматтардың өмірі мен денсаулығына төнетін қатерлердің алдын алуға бағытталған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Атап айтқанда, ҚК-нің 256-бабының санкциясы мүлікті тәркілей отырып, 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді. Ал аталған әрекеттер бұқаралық ақпарат құралдарын, телекоммуникация желілерін немесе онлайн-платформаларды пайдалану арқылы жасалған жағдайда жауаптылық едәуір қатаңдатылады және 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейін жетуі мүмкін.

Сонымен қатар, қылмыстық жауаптылық тек тікелей шақыруларға ғана емес, терроризмді қолдаудың өзге де нысандарына қолданылады.

Атап айтқанда, жасалған террорлық актіні мақұлдау немесе қолдау, оның ішінде әлеуметтік желілердегі пікірлер немесе өзге де жарияланымдар түрінде болса да, терроризмді насихаттау ретінде бағаланады.

Осы ретте Конституциямен кепілдік берілген сөз бостандығы конституциялық құрылысты күшпен өзгертуге, аумақтық тұтастықты бұзуға, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, соғысқа, сондай-ақ қатыгездік пен зорлық-зомбылық культін насихаттауға жол бермейтінін атап өткен жөн.

Сонымен бірге, интернетте және әлеуметтік желілерде мектептердің, сауда орталықтарының, әуежайлардың, вокзалдардың және басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандардың "миналанғаны" туралы көрінеу жалған хабарламалар жиі таралады.

Мұндай хабарламалар, әдетте, расталмайды, алайда олардың әрқайсысы құқық қорғау органдары тарапынан нақты қауіп ретінде қабылданып, жедел әрекет етуді талап етеді. Бұл әрекеттер үшін ҚК-нің 273-бабында террорлық акт жасалатыны туралы көрінеу жалған хабарлама бергені үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейінгі қылмыстық жауаптылық көзделген. Алайда, осындай қылмыстарды жасаған тұлғалар өздерінің анонимді болып қаламыз деп қателесіп ойлайды.

Цифрландыру мен "ақылды" шешімдердің дамуы жағдайында құқық бұзушының кім екенін анықтау – тек уақыт мәселесі.

Мәселен, өткен жылы жалған терроризм фактілері бойынша 25 қылмыстық іс сотқа жолданған.

Олардың бірінде 11-сынып оқушысы өзге адамның атын айтып, дауысын өзгертіп және IP-адресті алмастыратын бағдарламаларды қолдана отырып, Жетісай қаласындағы мектептердің бірінде жарылғыш құрылғы қойылғаны туралы полицияға хабарлаған. Өзінің кім екенін жасыруға тырысқанына қарамастан, кәмелетке толмаған тұлға анықталып, 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасына сотталған.

Тағы бір жағдайда Ақтау қаласының тұрғыны білім беру мекемелерінің бірінде бомба бар екені туралы жалған хабарлама жасағаны үшін 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

– Әрбір осындай хабарлама ТЖМ, полиция, ҰҚК бөлімшелері мен жедел жәрдем бригадаларының қатысуымен ауқымды тексерулер жүргізуге әкеп соғады. Оған жұмсалған күш пен қаражат кінәлі тұлғалардан өндіріп алынады. Бас прокуратура азаматтарды парасаттылыққа, алата-аналарды балалардың интернеттегі және әлеуметтік желілердегі мінез-құлқы мен белсенділігіне ерекше назар аударуға шақырады. Тіпті "әзіл" ретінде қабылданған әрекеттің өзі ауыр құқықтық салдарға әкеліп, адамның тағдырын түбегейлі өзгертуі мүмкін, – делінген хабарламада.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу