"Ғылымды дамыту мәселесі Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Саланы қаржыландыру 2 есеге жуық өсті. 2020 жылы жаңа жобалар жүзеге асырылды. Біз байқауларды жыл сайын өткізу туралы шешім қабылдадық. Бұған дейін конкурстар үш жылда бір рет өткізілетін. Үш жылдың ішінде ғылымда көп нәрсе өзгеретіні анық. Сондықтан, бұл сала үшін өте ұзақ мерзім. Сонымен қатар осы конкурстар нәтижесінде грант ұтып алмаған ғалымдар өз бағын сынау үшін тағы үш жыл күте алмайды. Олардың тіпті ғылым саласынан кетіп қалулары да әбден мүмкін. 2020 жылы біз 5 конкурс өткіздік. Бұл өте маңызды", – деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Сондай-ақ өткен жылы Ұлттық ғылыми кеңестің құрамы жаңартылып, жұмысының жаңа қағидалары бекітілген болатын. Жобалардың экономикалық сараптамасы мен Ұлттық ғылыми кеңес балдарын саралау рәсімі, мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама енгізілді.
"Егер Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама балдары бұған дейін ескерілмесе, қазіргі уақытта сараптама балдары да, Ұлттық ғылыми кеңес балдары да қосылып, әрі қарай сараланған тізім жасалады. Көп ұпай жинаған жобалар тиісті қаржыландыруға ие болады. Ұлттық ғылыми кеңес енді ашық жұмыс істейді, жұмыстың онлайн- трансляциясы мен барлық отырыс бойынша жазба жүргізіледі. Сонымен қатар 2021 жылы Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама мамандарына аудит жүргізуді бастаймыз. Бұл да маңызды жұмыс, ғылыми қоғамдастық осы туралы бұрыннан айтып жүрген еді", – деп атап өтті БҒМ басшысы.
Мемлекет басшысының қолдауының арқасында 2021 жылы алғаш рет ғылыми ұйымдарды жаңғыртуға 2,8 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Бұл 22 ғылыми-зерттеу институтының материалдық-техникалық базасын нығайтуға мүмкіндік берді. Жас ғалымдарды қолдауға да ерекше көңіл бөлініп отыр.
"Біз ғалымдардың тағылымдамадан өтуі үшін 500 грант бөлу туралы тапсырма шеңберінде жұмысты ұйымдастырамыз. Сонымен қатар ҚР Президенті Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі отырысында жас ғалымдарға кемінде 1000 ғылыми грант бөлуді тапсырды. Қаржыландыру бар, жұмыс жүргізілетін болады. Жас зерттеушілерге қолдау көрсету үшін біз ғылыми гранттарға конкурстар жариялау кезінде арнайы квота енгіздік. Қазір біз жас ғалым әйелдердің санына қатысты да дәл осындай квотаны енгіземіз деп шешім қабылдадық. Бұл туралы біздің ғалым
әріптестерімізбен кездесулерде бірнеше мәрте айтылған болатын", – деді министр.
Алқалы отырыс барысында Асхат Аймағамбетов коронавирусқа қарсы отандық вакциналарды әзірлеу туралы да айтты. Қысқа уақыт ішінде биологиялық қауіпсіздік ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары өте маңызды жұмыс жүргізіп, бірден бес вакцинаны әзірлеп шықты. Олардың алғашқы екеуі клиникаға дейінгі және клиникалық сынақтардан сәтті өтіп жатыр. Бүгінгі таңда отандық вакциналар өндірісін іске қосу үшін GMP-нің барлық талабына сәйкес келетін заманауи зауыт салынып жатыр. Ғылымды қаржыландыруды одан әрі ұлғайту жоспарланып отыр. Ғылымға арналған шығындар 2025 жылға қарай ЖІӨ-нің 1%-на дейін өседі.