Геологиялық барлауға бөлінетін қаражат көлемі айтарлықтай артады – Олжас Бектенов

150

Тау-кен өнеркәсібі үлкен экспорттық әлеуетке ие.

Геологиялық барлауға бөлінетін қаражат көлемі айтарлықтай артады – Олжас Бектенов Фото: Үкімет

Жер қойнауын пайдалану құқықтарын беру бойынша аукциондардан түсетін бонустардың қаражаты геологияны дамытуға бағытталады. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

"Қазақстанның тау-кен өнеркәсібі үлкен экспорттық әлеуетке ие. Бүгінде мыс, мырыш, темір және алюминий сияқты металдарға сыртқы нарықтарда  сұраныс жоғары болып отыр. Соңғы жылдары сирек және стратегиялық маңызды металдар өндірісіне басымдық берілуде. Өйткені әлемде осы минералдарға сұраныс арта түскен. Сондықтан отандық экономиканы әртараптандыру мақсатында өңдеу өнеркәсібін дамытудың маңызы өте зор", – деді Олжас Бектенов.

Жалпы ішкі өнімдегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі шамамен 14%-ды құрайды  және ол кен өндіру саласынан 2%-ға жоғары.

"Осы үрдісті алдағы уақытта да сақтап қалу қажет. Жоғары деңгейдегі өңдеу жобаларына инвестициялар тарту үшін тиісті шаралар қабылданып жатыр. Мәселен, биыл Саран қаласында "Qarmet" компаниясының өнімдері базасында болат құбырлар шығаратын зауыт іске қосылады. Ірі жер қойнауын пайдаланушылар айналасында шағын және орта бизнес белдеуін дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасалуда", – деді Үкімет басшысы.

Еліміздің тау-кен металлургия кешенінде 220 мыңнан астам қазақстандық еңбек етеді. 

"Сондай-ақ адамдардың едәуір бөлігі ірі кәсіпорындардың төңірегіндегі өндірістерде жұмыс істейді. Бұл ретте, әлдеқайда икемді, инновациялық және түпкі тұтынушыға бағдарланған шағын және орта бизнес саласының үлесі жоғары. Сондықтан мұндай өндірістерді дамыту үшін ынталандыру шаралары қажет. Индустрия 4.0 құралдарын енгізу, автоматтандыру, үлкен деректер мен жасанды интеллектіні пайдалану арқылы саланы цифрландыру белсенді жүргізіліп келеді", – деді ол.

Оның сөзінше, Үкімет ресурстық базаны ұлғайту бағытына басымдық беріп отыр. 

"Жер қойнауын геологиялық барлау көлемін арттыру үшін биылдан бастап қаржыландыру көлемін едәуір ұлғайтамыз. Біз жер қойнауын пайдалану құқықтарын беру бойынша аукциондардан түсетін бонустардың қаражаттарын геологияны дамытуға бағыттау туралы шешім қабылдадық. Биыл бұл сома кемінде 30 млрд теңгені құрайды. Аталған қаржы көлемі әлі де арта түсетін болады. Қазіргі уақытта тиісті есептеулер жүріп жатыр", – деді Олжас Бектенов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу