Қазақстан-Италия арасындағы тұңғыш бизнес-форумда жаңартылатын энергетика индустриясын бірлесіп құру туралы келісім жасалды. Бұл туралы халықаралық деңгейде электр жабдықтарын өндіріп, жөндеумен айналысатын GSE компаниясының өкілі Альберто Бианкарди мәлім етті.
"Кеше осы мәселе бойынша Қазқастанның жаңартылатын энергетика қауымдастығы өкілдерімен кездесу өтті. Қазақстандық әріптестерімізбен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойып отырмыз. Біз жасап шығарған ақпараттық-тәжірибелік хабты сіздерге де пайдалануға болады. Біз осы хаб арқылы көптеген елдерге жаңартылатын энергетика индустриясын құруға көмектестік. Аустралия, Сауд Арабиясы, Египет, Тайланд сияқты елдер осы тәсілмен сәтті жұмыс істеп жатыр. Қазір бизнесті жаңартылатын энергетикаға инвестиция салуға ынталандыру өзекті. Сіздермен де осы бағытта тәжірибе алмасуға дайынбыз. Тек ол ғана емес, аталмыш салаға арналған бизнестің құнын есептеуге, жаңа технологияларды іс жүзіне енгізу құнын шамалауға, корпоративтік басқару технологиясы арқылы осы процестің бәріне мониторинг жүргізу тәсілдерін үйретуге дайынбыз. Біз Италияда бұл бағытта көптеген тәсілдерді қолданамыз. Қазақстанға да жаңа технологияларға ақшаны қалай инвестициялау керектігі жөнінде тактикалық алгоритм жасап бере аламыз", – деді Италия өкілі.
GSE компаниясын біздің өлшеммен ұлттық компания деп атауға болады. Оның акционерлері – Италияның экономика және қаржы министрлігі мен Экономикалық даму министрлігі. Қазақстан тарапымен жасалған меморандум әзірге өзара түсіністік мәселелерін ғана қамтиды. Жобаның шарттары нақтыланбағандықтан, италиялық алпауыттың қызметі Қазақстан үшін қаншаға түсетіні әзірге белгісіз.
Есімжан Нақтыбайұлы