Спорттық құзға өрмелеуден Жапонияның Хатиодзи қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық Ришат Хайбуллин қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды Olympic.kz.
Ришат олимпиада лицензиясы таратылатын "көпсайыс" бағдарламасы бойынша әлемдегі үздік үш спортшының қатарына еніп отыр.
Көпсайыс қатарына боулдеринг, жылдамдық және қиындық бойынша жарысу енеді. "Жылдамдық" бойынша Ришат ең үздік нәтиже көрсетіп, бірінші орыннан көрінді. Ол 5.915 секундта берілген қашықтықты жүріп өтіп, әлем рекордын жаңартуға бір қадам жақындады.
"Боулдеринг" бойынша Хайбуллин сегізінші орын алса, ең шешуші кезең саналатын "қиындықта" бесінші орыннан көрінді. Жарыс нәтижесінде үш кезеңдегі ұпайлар есептеліп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталған.
Ришат Хайбуллин Олимпиада лицензиясымен бірге әлемдік сынның қола жүлдесін иеленіп отыр.
Алтын медальді Жапония өкілі Томоа Нарасаки, күміс жүлдені австриялық Якуб Шуберт иеленді.
Бұған дейін спорттық құзға өрмелеуден Қазақстан спортшылары әлем біріншілігінен жүлде алмаған. Сондай-ақ, Ришат аталған әлем чемпионатының финалында өнер көрсеткен ТМД елдерінің жалғыз өкілі.
Айта кетелік, Токиодағы Олимпиада ойындарына тап осы "көпсайыс" бойынша Олимпиада жүлдесі таратылады. Ришат Хайбуллин әлем чемпионатының қола жүлдесімен бірге Олимпиада жолдамасына иелік етті.