Халық ауыз судың азабын тартып отыр

247

Шымкенттегі Құрсай мөлтек ауданында 10 мыңдай абонент ауыз судың азабын тартып отыр.

Халық ауыз судың азабын тартып отыр Фото: otyrar.kz

Аталған ауданды тіршілік нәрімен қамту үшін осыдан екі жыл бұрын 5 млрд теңгеден астам қаржы қаралғанымен халықтың түйткілі әлі шешілмей отыр. Өйткені, 2021 жылы тартылған құбырдан күні бүгінге дейін бір тамшы да су ақпаған. Салдарынан халық тіршілік нәрін тасып ішіп отыр деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Құрсайлық тұрғындар үшін бір жұтым судың өзі өте қымбат. Өйткені мұндағы халық бір бөшкені толтыру үшін 6500 теңге ақша жұмсайды. Ол бір айға да жетпейтін көрінеді. Оның үстіне құйдырып алған су  жазда таттанып, қыста қатып қалады.

"Айына 1-2 рет құйдыртамыз ғой. Солай сары су. Сол сарғайған суды ішіп жатырмыз қазір. Одан кейін ауырады жаңағы. Іш өту болады ғой көбіне балаларда. Тамаққа тұрады. Ауызға дәм келіп жаңағыдай", - дейді тұрғын Құлпынай Файзулла.

Құрсай мөлтек ауданындағы мемлекет қаржысына тартылған бұл құбырлар құр бекерге жатқанына екі жылдан асып барады. Тұрғындарды тіршілік нәрімен қамтиды деп жоспарланған жүйе тиісті деңгейде жұмыс істемегесін ойын балаларының ермегіне айналған. Өйткені, жердің бетіне шығып тұрған құбырлардың кейбірін балалар қоқыспен толтырып, кейбірін сындырып тастаған.

Бұл жердің бетіндегі жағдай. Ал, жердің астына тасталған құбырдың қалай болып жатқаны белгісіз. Тиісті талаптар сақталмай құбыр төселді деген тұрғындар жүйе жұмыс істемей жатып тозып кететін болды деп отыр.

"Екі жыл болды ғой қазып тастап кеткендеріне. Құдай біледі анау құбыр не болып жатқанын. Әкімшілік ЖКХ МКХ қалмады. Светке барамыз, суға барамыз. Бара, бара халық жек көріп кетті", - дейді тұрғын Ерғали Битеміров.

Ал, жауаптылар болса жұрттың ауыз сусыз отыруын жобаның жиі өзгеріске ұшырауымен байланыстырып отыр. Айтуларынша, Құрсай мөлтек ауданын тіршілік нәрімен қамту жоспары осы уақытқа дейін бірнеше рет өзгерген. Соның салдарынан су тарату торабының құрылысы созылып жатқан көрінеді.

"Бізде жобада өзгеріс болды. Өзгерістер атқарылды. Біз авторлық мердігермен бірге зерделеу жұмыстарын жүргіздік. Өзгерген жерлер бар. Бұл жерге Құрсайда 1 -2 емес көптеп үйлер салынып жатыр. Біз автормен келісіп ол кісілерді де қосып жатырмыз", - дейді Қалалық энергетика және инфроқұрылымды дамыту басқармасының бас маманы Ақарыс Боранбай.

Жауаптылар жобаны қайта қайта өзгертіп жүргенде мемлекеттің миллиардтаған теңгесі жұмсалған ауызсу жүйесі қараусыз қалып, жарамсыз күйге түсетін сыңайлы. Өйткені, қазір Құрсайдағы 100-ге тарта құдықтың ауызы жабылмай адам өміріне қауіп төндіріп тұр. Тұрғындардың айтуынша құдық қақпақтарының кейбірі қолды болса кейбірін ауыр жүк көліктері сындырып кеткен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу