Арал ауданындағы Абай, Шижаға ауылындағы ақбөкендердің көптігі сонша әрі-бері өткен көліктерге де кедергі келтіруде, деп жазады inbusiness.kz сайты Информбюроға сілтеме жасап.
Шаруалар "төрт түліктің жем-шөбін тауысқан киіктер ауруды да жұқтырып жатыр" деп отыр.
– Малымыз мал болмай қалды. Арам өліп жатыр. Сосын арық малға өзі әр бәле үйір болады. Ауру болады, биттейді, кенелейді деген сияқты. Соның бәріне осы мына киіктің зардабы тиіп тұр, – деді Абай ауылының тұрғыны Байтақ Тапалов.
Солтүстік-батыс өңірлерден ағылған киіктер теміржолдан әрі қарай асып өте алар емес. Соның себебінен, ашығып, арам өлген бөкендер де бар көрінеді.
– Осыған бір шектеу болу керек қой. Үкіметтен халықтың да жағдайын ойлау керек. Халыққа киіктен ешқандай пайда болып тұрған жоқ. Енді ертең анау тұрған өлімтік сасиды, – дейді Нұрлан Мұсаев есімді тұрғын.
Ал Қызылорда облыстық орман және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Марат Нұрмағанбетов Арал аумағындағы ақбөкендер тек көктемде азаятынын ашық айтқан.
– Киіктердің қыстың күні, көктемде өту жолы болғандықтан, ҚТЖ-ға хат жазып, сол өткелдерді аштырғанбыз. Қазір Бейнеуден Жезқазған аумағына дейін 16 өткел бар. Теміржолдағы сол өткелдер арқылы оңтүстікке жылжиды, – деді ол.
Инспекторлар қорғауға алынған жануарды атқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.