Бұл туралы Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Сырым Шәріпханов Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.
Оның айтуынша, өрттің негізгі себептері мен мән-жайын тергеу бойынша арнайы комиссия құрылған. Комиссия құрамына ТЖ және денсаулық сақтау министрліктерінің, құқық қорғау органдарының, Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері және басқа да мүдделі ведомство мамандары кірді.
"Өртке қарсы қызмет бөлімшелері құрамында 46 өрт сөндіруші құтқарушы мен 13 техника жеті минут ішінде оқиға орнына шұғыл жетті. Өрт қысқа уақыт ішінде сөндіріліп, оқшауланды. Жұмыс қиындатқан жағдайлар: тар жолдар, қалың түтін. Мұның бәрі өртті сөндіру, барлау жүргізу және үй-жайлардағы адамдарды жылдам іздеу процесін қиындатты. Онда жиналып тұрған көп ортопедиялық матрас өрт жағдайын қиындатты. Жертөледе болғандардың өрттен қашу мүмкіндігі өте төмен болды. Сонымен қатар, бұл матрацтар өртеніп, жанып, ғимаратты қалың түтін басқан", - деді министр.
Оның сөзінше, бұл ғимарат бір жарым ай бұрын хостел ретінде заңсыз ашылды. Сондай-ақ, ондағы бөлмелер санитарлық және құрылыс нормаларына сай болмады.
Сонымен қатар, баспанасыз қалғандар көрші жатақханаларға орналастырылды. Бірқатар зардап шеккендер ауруханаға жатқызылды және оларға медициналық көмек көрсетіледі.
"Сондай-ақ, осы жатақханада орналасқан студенттер баспанаға мұқтаждықтарын оқу орны мен әкімдікке хабардар етпеген. Сондай-ақ бұл ғимаратта тұрып жатқандарын да айтпағанын атап өткім келеді. Яғни, бұл жатақхананың бар екендігі туралы әкімдік те, басқа органдар да, соның ішінде Төтенше жағдайлар департаментінде де ақпарат болған жоқ. Департамент пен басқа да мемлекеттік органдардың шағын бизнес субъектілерін тексеру іс-шараларын жүргізуге құқығы жоқ екенін атап өткім келеді", - деп толықтырды спикер.
Соңында министр арнайы комиссия өрттің шығу себептерін тексеруге, болған өрт үшін кінәлі және жауапты лауазымды тұлғаларды анықтауға кіріскенін атап өтті.
"Бұл оқиғаға кінәлілер жауапқа тартылады", – деп қорытындылады спикер.
Еске сала кетсек, 30 қараша күні шамамен таңғы сағат 5.33-те Әди Шәріпов көшесі, 86 мекенжайындағы "Almaty Hostel" хостелінің жертөлесінен өрт шығып, 13 адам қайтыс болды.
Алматыда өртенген хостел заңсыз жұмыс істеп келген.