ИИДМ елімізде әуе билет бағасы не себепті қымбат екенін түсіндірді

514

Мемлекет ұшақ билеттерінің бағасын реттемейді. 

ИИДМ елімізде әуе билет бағасы не себепті қымбат екенін түсіндірді Фото: ernur.kz

Ол нарықтағы сұраныс пен ұсыныс негізінде қалыптасады. Бұл туралы Сенат отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмаз Ыдырысов айтты, деп жазады inbusiness.kz. 

"Билеттерге баға белгілеу бөлігінде билет құны халықаралық тәжірибеге сәйкес реттелмейтінін атап өткім келеді. Сұраныс пен ұсынысқа негізделген нарықтық баға механизмі қолданылады. Тариф құрылымындағы негізгі көрсеткіштерге жанар-жағармай шығыны, эксплуатациялық шығындар, әуе кемесінің өзіндік құны, әуежай қызметтері және басқа да шығындар кіреді. Ішкі нарықтағы әуе отынының тапшылығы және оның жоғары құны – елдегі азаматтық авиацияның дамуындағы негізгі тежеуші фактордың бірі. Ол өз кезегінде бағаға әсер етеді", - деді спикер. 

Оның сөзінше, өткен жылы отандық өндірушілердің өндірісі мен тұтыну арасында үлкен теңгерімсіздік байқалды. Мысалы, егер 650 мың тоннаға жуық мұнай өнімдері өндірілсе, онда тұтыну көлемі 806 мың тоннаны құраған, деді Алмаз Ыдырысов.

"Әуе компания шығындарының шамамен 80 пайызы шетел валютасында жүргізіледі. Бұл ретте авиакомпания табысының 80 пайызға жуығын теңгемен алады. Осыған байланысты әуе компания өз шығындарын жабу үшін валюта бағамының қысымына байланысты билет құнын түзетуге мәжбүр. Әуе билеттерінің бағасы мемлекеттік реттеуге жатпайды", - деп қорытындылады вице-министр.

Егер әуе компания бағаны негізсіз көтерсе, онда ҚР Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес монополияға қарсы ден қою шаралары қолданылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу