Ішкі істер вице-министрі Юрий Ильиннің айтуынша, бүгінде барлық облыста әкімдіктер қардан тазарту жұмыстарын жүргізуде.
"Облыс, аудан орталықтарынан 11 млн текше метрден астам қар шығарылды.Бірақ, қыс ызғары әлі қайтқан жоқ. Түнде бірқатар жолды жауып, Қостанай, Ақмола, Павлодар облысында құтқару жұмыстарын жүргіздік", - деді ол.
Дегенмен Юрий Ильин ертеңнен бастап күндізгі ауа температурасының жоғарылауы күтілетінін айтты.
"Аптаның соңына дейін ауа температурасы күндізгі уақытта 5 градусқа дейін көтеріледі, ал түнде температура минус болатыны біз үшін оң көрсеткіш. Демек түнде қар жамылғысы қатып қалады да, жинақталған қар суы аз болады", - деп түсіндірді ол.
Ильиннің айтуынша, ІІМ бөлімшелері су тасқынына дайын.
"Біз "Көктем-2020" жаттығуы кезінде барлық атқарушы органның дайындығын тексердік, онда су тасқынына қарсы іс-шараларды іс жүзінде жүзеге асыру мәселелері қарастырылды. Жалпы, ІІМ тобының өзінде 9 мыңнан астам адам және 1700-ден астам әскери техника бар", - деді ол.
Министрліктің жоспарына сәйкес, төтенше жағдай күштерін орналастыру наурыз айының соңында басталады.
"Оңтүстік облыстардан шығыс аймаққа, орталық Қазақстанға және батыс бағыттан, яғни Ақтөбе, Батыс Қазақстан мен Маңғыстау облыстарынан солтүстікке қарай орналастырылады. Жалпы, бұл жағдай бүгінгі күні үлкен өзгерістерге әкелмейді. Біз "Қазгидромет" бөлімшесімен, "Қазсушар" РМК және жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыстамыз", - деді ол.
Нұржан Көшкін