Алматыдағы IT университетінің түлегі, "Назарбаев Университеттің" магистранты Ілияс Меденов қазір ҚХР-да "Lenovo" маркісіндегі смартфондар мен ноутбук шығаратын концернде жауапты қызметте. Айлық жалақысы 12 мың юань, біздің теңгемен есептегенде 700-800 мың теңге. Әлеуметтік пакеті тағы бар.
Оның айтуынша КХР-да өндірістік тізбек деген түсінік ішкі нарыққа дем беруші күш ретінде қабылданатынын айтады.
"Lenovo" маркісі қай елге тиесілі екені маған маңызды емес. Себебі қазір жыл сайын жаңарып жатыр. Біздің мақсатымыз – сұранысқа жұмыс істеу. Өнімді жаңарту. Кез келген телөнімде – оны шығарып отырған елдің қолтаңбасы қалады. ҚХР-да, бізден айырмашылығы бір зат шығарсаң, сені жасырын цех немесе баламасы бар телөнім деп қудаламайды. Керісінше, саған қолдау білдіреді. Тіл білетін, қолынан іс келетін мамандарды күндіз қолына шырақ алып жүріп іздейді. Бойыңнан таланттың ұшқынын байқаса, қалтасынан ақша төлеп, оздері оқытып алуға дайын. Қазір мен жұмыс істейтін концернде ТМД елдерінен келген жастар өте көп", – дейді Ілияс Меденов.
Оның айтуынша Қытайдағы алып концерндердің көпшілігі о баста филиал ретінде, еншілес концерн ретінде ашылғанын айтады. Бұл жерде бір-ақ жол бар. Әуел баста олар Қазақстан тәрізді дайын өнімдерді тек құрастырумен ғана айналысты. Кейін, шетелдерде оқып келген мамандарының көмегімен олардың қосалқы бөлшектерін өздері жасауға кіріскен.
"Қазір ҚХР-да шығарылған өнімдердің 90-95 пайызы қосалқы бөлшектеріне дейін ҚХР-да шығарылады. Қазақтанда құрастырылып келе жатқан автокөліктерді, ауыл-шаруашылығына қажетті техникаларды өндірістік тізбек жүйесімен ғана өз өнімімізге айналдыра аламыз. Мұны сол технологияның бір бұрандасын өзімден шығарып та бастауға болады", – дейді Ілияс Меденов.
Әсіресе IT саласында тер төгіп жүрген мамандар әлемдік өндірістік тізбекке біз адами капиталдың көмегімен ғана қосыла алатынымызды жасырмайды. Себебі әлем технологияның жаңалығына тәуелді. Тіпті экономиканың өзі инновацияның жаңалықтарына ілесе алмай жатыр. Кімнің идеясы мықты болса – соның мерейі үстем.