Илья Ильин Олимпиадалардағы алтын медалінен айыру туралы шешіміне қатысты пікір білдірді

1075

Илья Ильин Олимпиадалардағы алтын медалінен айыру туралы шешіміне қатысты пікір білдірді

Ауыр атлет Илья Ильин Халықаралық олимпиада комитетінің оны Бейжің және Лондон Олимпиадаларындағы алтын медалінен айыру туралы шешіміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.

Илья Ильин бұл туралы Халықаралық олимпиада комитетінен емес, бұқаралық ақпарат құралдарынан естігенін жасырмады. "Менің тіпті айтарға сөзім жоқ, шок жағдайындамын. Қазір ағылшын тілін үйреніп жүрмін, сол сабаққа барардың алдында мен бұқаралық ақпарат құралдарынан осындай жаңалық оқып қалдым. Бірақ, өз өзіме келіп, сабағыма барып, зілтемір көтеріп қайттым. Себебі, ауыр атлетика мен ләззат алатын спорт түрі, маған энергия беріп, ойымды жинақтауға көмектесетін спорт түрі", – деді журналистердің алдында эмоциясын жасыра алмаған Илья Ильин. "Олимпиаданың жағымсыз, алдын ала келіскен шешімі өзінің логикалық соңына жетті. Қандай қиын болса да кездесіп, бұл туралы айтып, бәріміз, еліміз де бір шешімге келу керек. Оның үстіне мені халқым қолдап отыр. Халқыма айтар алғысым шексіз. Менің жеңісімді көрген адамдар ол жеңістердің маған қалай қиынға соққанын жақсы біледі", – деді И.Ильин. Сондай-ақ, ауыр атлет алда әлі талай жеңіс күтіп тұрғанына сенетінін айтты.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиада комитеті Халықаралық Олимпиада комитеті тарапынан ағзасынан тыйым салынған препараттардың ізі табылған 2008 және 2012 жылдардағы Олимпиада ойындарына қатысқан қазақстандық спортшы Илья Ильинге қатысты жаза қолданылғандығы туралы ресми хабарлама алды. Халықаралық Олимпиада комитетінің тәртіптік комиссиясы 2008 жылы Бейжіңде және 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарының жеңімпазы, 94 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен қазақстандық ауыр атлет Илья Ильиннің "А" және "В" допинг сынамаларының қосымша тексеру қорытындысы бойынша қазақстандық спортшыны сол Ойындардан шеттетіп, көрсеткен нәтижелерінің күшін жойып, жүлделерін қайтарып алу туралы шешім шығарды.  


 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу