Импортқа арналған квота аясында 200 мың тонна қант әкелінбек

580

Қоймаларда 26 мың тонна қант қоры бар. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроазық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары Сәуле Жұрынова айтты, деп жазды inbusiness.kz.

Импортқа арналған квота аясында 200 мың тонна қант әкелінбек

Оның сөзінше, қазір қант бағасына көптеген факторлар әсер етуде. 

"Қазір шикізаттың қымбаттауы, логистикалық тізбектің ұзаруы қанттың нарықтық бағасына ықпал етуде. 2022 жылдың 20 маусымындағы жағдай бойынша қоймаларда 26 мың тонна қант қоры бар. Зауыттар күнделікті өнім шығаруда. Бізде ай сайынғы қажеттілік 45 мың тонна. Біз бұл сұранысты қанағаттандырып отырмыз", – деді спикер. 

Оның айтуынша Қазақстан ақ қант пен шикі қанттың бажсыз импортына квота көлемін ұлғайту туралы келіссөздер жүргізуде. Қазіргі уақытта Қазақстанның квотасы 2022 жылғы тамызға дейін нөлдік импорттық кеден бажымен 350 мың тонна қантты құрайды.

"Оның 250 мың тоннасы зауыттарға бөлінді. Енді 100 мың тоннасы таратылады. Бұл осыдан бөлек Қазақстанға қант әкелінбейді деген сөз емес, әкелінеді. Бірақ ол тарифтік реттеу шеңберінде жеткізіледі. Қазір елімізде 4 қант зауыты жұмыс істеп тұр. Халықтың сұранысына сай әкімдіктерден өтінімдер түседі. Қант импортына арналған квотаны ұзартуды көздеп отырмыз. Бұл қанттың бағасын төмендетуге бағытталған. Квота шеңберінде тағы 200 мың тонна өнім жеткізуді жоспарлап отырмыз", – деді Агроазық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары. 

Еске сала кетсек, елімізде қант импортына арналған квота 31 қазанға дейін ұзартылды. Бұған дейін ол тамыздың соңына дейін бекітілген болатын. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу