Мұны Кәсіпкерлер палатасының Қостанай облысында жүргізген сауалнамасы кезінде анықталыпты. Белгілі болғандай, бизнесті дамытуға 150 млн теңге несие алу үшін, кепілдікке 300 млн теңгенің дүниесін сұрайды.
Инвесторлар үшін Тобыл өңірінде бизнесті дамытуға тиімді тұстар жетерлік. Топырағы құнарлы, шекараға жақын орналасқандықтан дайын өнімді шетелге шығару да жеңілдеу. Алайда, алыс ауылдарға қатынайтын көлік жолдары әбден тозған. Қатынас қиындаған соң тұрғындары жан-жаққа көшіп жатыр. Егін егіп, мал бағатын жұмысшы азайды. Ал, билік өкілдері халқы аз ауылдардың жолдарына асфальт төсеуді тиімсіз санайды. Бұдан да басқа аяқ бастыртпайтын кедергілер баршылық.
"Мысалы, "Олжа Агро" ЖШС сүт-тауар фермаларын салуды жоспарлап отыр. Алтынсарин ауданынан жер телімі керек. Алайда, жерді аукционсыз алуы үшін инвестициялық жобасын "Индустрияландыру картасына" енгізуі шарт. Енді осы картаға қосылу үшін былтыр шілдеде өтінім берген. Алты ай өтті, әлі жауап жоқ. Өтінімді қарау мерзімі заңмен белгіленбеген", дейді Облыстық "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының директоры Данияр Күзенбаев.
Өңірдегі ауылшаруашылық өнімін өндірушілердің басым көбі кредитпен амалдап келеді. Кейбірінің кепілдікке қояр дүниесі де қалмаған, құжаттары банктерде. 150 млн теңге кредит үшін, 300 млн теңгенің мүлкін кепілге қояды. Ауылдағы дүние-мүлік су тегінге бағаланады. Кәсіпкерлер арасында жүргізілген сауалнама қорытындысына құлақ түрген облыс әкімі бизнес өкілдерімен тоқсан сайын жеке кездесу өткізем деп шешті.
"Барлығын істеуге болады, әсіресе Торғай аймағының потенциалы жоғары. Ет, сүт, қалған өнімдерді шығаруға болады. Тек, соны орындайтын адамдарды тауып, оларды қолдап, көмек көрсетіп, жұмыс істеу керек", дейді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.
Облысқа сырттан келген инвесторлардың да айтар уәжі бар. 7 млрд теңгеге салынған ет комбинаты тәулігіне мың жарым бас мал союға жарамды. Алайда, алып кәсіпорынға мал тапсырушылар аз. Қуаттылығының 30 пайызын ғана пайдалануда.
"Мемлекеттік органдар есебінен дұрыс қадағаланбаған соң импорттық тауарлар көптеп келуде. Отандық ет өндірісін дамыту үшін, аулаларда ет союды жабу қажет деп санаймыз", дейді Ет комбинаты директорының орынбасары Ақерке Молдабекова.
Кәсіпорын толық қуатта жұмыс істесе бірнеше облыстың ет өнімдеріне деген сұранысын жаба алады. Алайда, шикізат тапшы. Сондықтан дүкен сөрелерінде ресейлік өнімдер самсап тұр.