Елордада қала әкімі Алтай Көлгіновтің төрағалығымен инвестиция мәселелері бойынша кеңесте білім беру, денсаулық сақтау және девелопмент саласындағы 13 перспективалық жоба таныстырылды, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.
Жобаларды іске асыру ел экономикасына 27,6 млрд теңге инвестиция тартуға, 1500-ден астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
"Мемлекет басшысы инвестиция тарту бойынша жұмысты жандандыруды тапсырды. Жүйелі негізде біз әртүрлі елдердің инвесторларымен кездесеміз, мысалы, бүгін ҚР Сауд Арабиясының елшісімен, бұған дейін Ұлыбритания, Түркия және т.б. инвесторлармен кездестік. Қазір мектептерде орын тапшылығы 20 мыңға жуық. Қазір қалада үш ауысымда оқитын 5 мектеп бар. Егер мамыр айында мектептен 6 мың оқушы шыққан болса, жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа 24 мың бала келеді деп күтілуде. Тек қана отандық және шетелдік инвесторларды тарта отырып, жеке меншік мектептердің құрылысы есебінен біз оқу орындарында 20 мыңға жуық орынды қамтамасыз етуіміз керек", – деді Алтай Көлгінов.
Қала әкімі мектеп құрылысын таңдаған кезде сол учаскедегі халықтың тығыздығын, инженерлік желілер мен инфрақұрылымға қосылу мүмкіндігін ескеру қажеттігін атап өтті. Оқу жылының соңында қалада барлығы 108 мектеп болды.
Бұдан басқа, кеңесте Томотерапия және ядролық медицина ауруханалық кешені құрылысының жобасы да қолдау тапты. Сондай-ақ, әскери қызметшілерге ұзақ мерзімге берілетін апартаменттерді салу жобасы қаралды.