"Ия" деп жазатын мұғалім балаларға қандай грамматика үйретеді": Депутат мәселе көтерді

1486

Ол қазақ тілінің грамматикасын жоғалтып жатырмыз деп алаңдаушылық білдірді. 

"Ия" деп жазатын мұғалім балаларға қандай грамматика үйретеді": Депутат мәселе көтерді Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев қазіргі оқу бағдарламаларындағы өзекті мәселелерді көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Бізде бірінші сыныпта орыс тілі алынып тасталды да, екінші сыныптан бастап оқытылады. Бірақ екінші сыныптың орыс тілінде балалар неге бірден сөйлем құрап, тақпақ жаттап кетуі керек? Олар неге алфавит үйренбейді? Мысалы, мен өзімнің балаларыма қазақ тілінде тәрбие беріп, өз шаңырағымда балаларға орыс тілінде мүлдем сөйлетпеймін. Дәл қазіргі уақытта ол балалар кәдімгідей қиналуда, неге? Себебі кітаптың бетін ашады да, бірден анау сөйлемнің орысшасын, одан қалса басқа бір өлеңдерді жаттап кетеді. Сондай тапсырмалар беріледі. Ол ата-ана ретінде маған да қиын, балаларыма да қиын. Орысша оқитын балаларға қазақ тілі жүргізіледі. Олардың пәнін қарасаңыздар жеп-жеңіл. Қасықтың суретін қояды да, бес әріп қойып, қандай әріп жетпей тұр дегендей тапсырмалары. ҰБТ-да да сондай. Біздің балаларымыздан орыс тілінен филолог дайындап жатқан сияқтымыз", - деді мәжілісмен.

Бұдан бөлек депутат грамматика мәселесіне де тоқталды.

"Қазақ тілінің грамматикасын мүлдем жоғалтып жатырмыз. Мұғалімдердің өздері "иә" деген екі әріпті "ия" деп жазатындар бар. Мен өзім оны бір чаттан көрдім. "Ия" деп жазып отырған мұғалімнің өзі балаларға қандай грамматика береді? Сіздердің (ред. Оқу-ағарту министрлігі) презентацияларыңыздан бірнеше грамматикалық қателік байқадым", - деді Дәулет Мұқаев.

Сөзінше, әлеуметтік желіде әйелдер қауымының арасында "күйеу" сөзін дұрыс жаза алмайтындар кездеседі.

"Кітаптың көлемі неге әртүрлі? Біресе ұзын, біресе қысқа, бір стандарт болу керек. Жыл сайын кітаптың сыртын қаптаған кезде қиналамыз. Кейбір кітаптарға целлофанды алып, үтікпен басып, қолдан жасайтын болдық. Біз де ақша үнемдегіміз келеді. Мысалы, қызым үшінші сыныпқа өтті, екінші сыныптағы қаптамаларды алып қалсақ, оны қаптауға келмейді. Тағы бір мәселе – жаңа стандартқа сәйкес "Информатика" пәнін алып тастау ұсынылып отыр. Бұл шешім барысында арнайы зерттеу жүргізілді ме?", - деді Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев.

Ол география кітаптарында қателіктер өте көп кездесетінін айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу