2020 жылы Қазақстанда тексерілген үйлердің 77,4 пайызына су жүйесі тартылғаны анықталған. Үйінен тыс су жүйесін үй шаруашылықтарының 8,1 пайызы пайдаланған. Құдықты, колонканы немесе басқа да су көзін үй шаруашылықтарының 16,1 пайызы қолданып келген. Үй шаруашылықтарының 1,1 пайызы суды сырттан алып келсе, тек 0,1 пайызы тіршілік көзін бұлақтан, өзен немесе көлден алып отырыпты.
Алматы мен Шымкентте ауыз суды үйдегі су жүйесінен үй шаруашылықтарының 100 пайызы алып отыр. Әйтсе де үшінші мегаполис – Нұр-Сұлтанда бұл көрсеткіш тек 99,8 пайызды көрсеткен (қалған 0,2 пайыз – шамамен 2,4 мың адам).
Облыстардың ішінде бұл көрсеткіш жағынан Қарағанды (98,2%), Атырау (97,4%), Қызылорда (96,2%) мен Ақтөбе (93,7%) облысы көш басында тұр. Тек осы өңірлерде ауыз суды үйдегі су жүйесінен алатын халықтың үлесі 90 пайыздан асады.
Аймақтарды су жүйесімен қамту жағынан Жамбыл (42,9%) мен Түркістан (21,2%) облысы көш соңында тұр. Жамбыл өңіріндегі қалаларда бұл көрсеткіш 100 пайызға тең. Ал Түркістан облысында тіпті бұл көрсеткіштің өзі 55,6 пайыздан енді асып тұр.
"Түркістан облысында сумен қамту проблемасы жүйелі сипатқа ие. "Хабар 24" арнасының хабарлауынша, бұл өңірдегі ауыз судың өзіне қол жеткізу қиын, тіпті қол жеткен күннің өзінде ол өте нашар. Кейбір ауылдың суын ішудің өзі мүмкін емес. Зертханалық тексерудің қорытындысы жер асты суының құрамында тұз концентрациясының мөлшері тиісті нормадан асып тұрғанын көрсеткен. Бұл – денсаулыққа өте зиян", – деп жазылған finprom.kz ақпарат көзінде.
Аян Бекенұлы